RU

Денсаулық сақтау министрі коронавирустан көз жұмған туыстары жайлы айтты

Фото
Алексей Цой, фото: 24kz

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өзі вирус жұқтырмаса да, кейбір туыстары коронавируспен ауырғанын айтты деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Басылым мәліметінше, белгілі журналист Нартай Аралбайұлы денсаулық сақтау министріне "туыстарыңыз коронавируспен ауырды ма" деген сұрақ қойған.

"Иә, әрине. Бірақ менің отбасым, яғни балаларым ауырған жоқ. Туысқандарым ауырды, өкінішке қарай, көз жұмғандар да бар", – деді Алексей Цой БАҚ өкілінің YouTube-каналына берген сұқбатында.

Сонымен қатар, ведомство басшысы үкіметтегі әріптестерінің барлығы дерлік ресейлік вакцинаны салдырғанда, неге отандық QazVac-ты таңдағанын түсіндірді.

"Мен о бастан отандық вакцинаны қолдағым келді. Себебі халық сенуі қажет. Өкінішке қарай, біз көп жағдайда шет елдерде өмір керемет, бәрі тамаша деп ойлаймыз, соларға қызығамыз. Алайда бізде де әдемі жерлер көп, мықты дәрігерлеріміз де баршылық. Мен отандық вакцинаны дайындаған институттың үлкен потенциалын байқадым. Бұл институттың тарихы алпыс жылдан асады. Кеңес одағы кезінен бері өте күрделі технологияларды дайындап келеді. Вакцинаның алғашқы нәтижелерін, клиникалық зерттеулерді көрдік. Сондықтан қолдау көрсеттім", – деді министр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1914783-densaulyq-saqtau-ministri-koronavirustan-koz-zumgan-tuystary-zaily-aitty/