RU

Цой: Қазақстанда вакцинацияның тегін болуы – үлкен жетістік

Алексей Цой
Алексей Цой. Видеодағы кадр: youtube.com/Nartay Aralbayuli

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі эпидемиологиялық ахуалдың болжамдары, сондай-ақ қазақстандықтар бетпердесін қашан шеше алатыны туралы айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Әр апта сайын, жаңа деректерді ескере отырып, өз болжамдарымызды жаңартып отырамыз. Біз оптимистік сценарий бойынша жүреміз, егер бір ай бұрын сәуірдің аяғы – мамырдың басында немесе ортасында құлдырау болады деп айтсақ, қазір осы оптимистік сценарийді ұстанамыз. Вакцинация күшейтіліп, үлкен күш жұмсалып жатыр. Жүйе аурудың өршуіне қарсы шара қолданады. Болашақта осы сценарийді ұстанамыз деп үміттенеміз", – деді Цой Нартай Аралбайұлының YouTube арнасындағы сұхбат барысында.

Министр қазақстандықтар бетперделерін қашан шеше алатыны туралы сұраққа да жауап берді. Министрдің айтуынша, ол үшін халықтың көп бөлігі вакцина салдыруы керек және бұл жұмыс күздің басына, яғни қыркүйекте аяқталуы керек.

"Біз азаматтардың максималды санын вакцинациялауымыз керек. Израиль, Америка Құрама Штаттары азаматтардың басым бөлігіне вакцина салдырып, вакцинацияны 60%-ға жеткізді де, қазіргі уақытта бетперделерін шешті.

Ұжымдық иммунитет – бұл азаматтардың бір-бірін қорғауы. Қазір азаматтарымыз бетпердесін шешсе, адамға вакцина салынғанына қарамастан, вирустың таралу мүмкіндігі бар.

Вакцина дегеніміз не? Вирус адамнан адамға тарағанда, вакцина алған адам вирустың таралуын тоқтатады", – деп түсіндірді денсаулық сақтау министрі.

Шенеунік Қазақстанда вакцинация тегін жасалатынын және бұл үлкен жетістік екенін баса айтты.

"Басқа елдерде бұл қызметке ақы төленеді және адамдар кезекте тұрады. Біз өз азаматтарымыздың 60%-на дейін вакцинациялауды қажет етеміз, сонда біз ұжымдық иммунитетті қалыптастырамыз, содан кейін маска режимін алып тастауға кірісе аламыз", – деп мәлімдеді Цой.

Ол вакцинаның екі компоненті туралы айтып отырғанын атап өтті, алайда бірінші компонент салдырғаннан кейін 15-ші күні иммунитет қалыптасады. Бірінші компонент 80% тиімділік береді, деді министр. Бүгінгі күні бірінші компонентпен 2 миллион адам, ал екіншісімен миллионға жуық адам вакцинацияланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1914789-coi-qazaqstanda-vakcinaciyanyn-tegin-boluy-ulken-zetistik/