RU

Қызылордада түн ішінде жоғалған 12 жасар бала ауылдағы әжесінің үйінен табылды

Жасөспірім
Көрнекі сурет: pixabay.com

Қызылорда қаласында түн ішінде жоғалып кеткен 12 жасар бала ауылдағы ата-әжесінің үйінен аман-есен табылды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2009 жылдың 8 мамырында дүниеге келген Бектураз Сазаков 26 мамыр күні үйінен белгісіз бағытқа шығып, үйіне қайта оралмаған болатын.

Жеткіншектің хабарсыз кеткендігі жөнінде 27 мамырда түнгі 02.00 шамасында полицияға арыз келіп түскен.

"Іздестіру жұмыстарына облыстық полиция департаментінің, Қызылорда қалалық Полиция басқармасының жеке құрамы, еріктілер және жергілікті тұрғындар жұмылдырылды. Бұл жөнінде әлеуметтік желілер және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындар ақпараттандырылды. Полиция қызметкерлері қаланың көп қабатты шатырлары, өжірелері және ауладағы люктары, саяжайлардағы тастанды үйлер, құрылысы бітпеген ғимараттар, жертөлелерді қарап шықты.

Сондай-ақ, қаланың барлық аумағында жоғалған баланың фотосуреті көрсетіліп, сұрастыру жұмыстары жүргізілді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жоғалған кәмелетке толмаған бала Жалағаш ауданынан табылды", - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция басқармасынан.

Мекеме ұсынған мәліметке сәйкес, жеткіншек ауылда тұратын ата-әжесінің үйіне кетіп қалған. Бала аман-есен. Қазіргі таңда ювеналды полиция қызметкерлері жасөспірімнің үйден кетіп қалу себебін анықтауға тырысып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1914878-qyzylordada-tun-isinde-zogalgan-12-zasar-bala-auyldagy-azesinin-uiinen-tabyldy/