RU

Түркістан облысының таулы аймағында жоғалған жеті жігіттің неге үшеуі ғана табылды: ТЖМ жауап берді

Тау
Көрнекі фото: pixabay.com

Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли Түркістан облысының таулы аймағында жоғалған жеті жігіттің неге үшеуі ғана табылғанын түсіндірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Туристер екі топқа бөлінген. Үш адамнан тұратын бір топты таптық. Ал төрт адамнан тұратын екінші топты іздеу жұмыстары жалғасуда. Қандай да бір ақпарат пайда болса, бірден қосымша хабарлаймыз", - дейді Талғат Уәли.

Айта кетейік, бүгін "Қазавиақұтқару" тікұшағымен аэровизуалды барлау барысында Сайрам-Өгем ұлттық саябағында жоғалған жеті жігіттің үшеуі табылды. Олардың жағдайы қанағаттанарлық.

Қазіргі уақытта Апаттар медицинасы орталығының психологтары жоғалғандардың туыстарына психологиялық көмек көрсетуде. Іздестіру жұмыстарына құтқарушылар, полиция қызметкерлері, шекара қызметінің ат патрулі, ұлттық саябақ қызметкерлері мен жоғалғандардың туыстары, сондай-ақ, екі "Қазавиақұтқару" тікұшағы жұмылдырылған.

Еске салайық, Түркістан облысы, Төле би ауданы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық саябағы аумағында жеті адамның жоғалғаны жайлы ақпарат 102 пультіне 25 мамыр күні 18 сағат 30 минутта түскен. 21 мамырда туристер жаяу "Сары-Айғыр" шатқалына аттанған. Олар 24 мамыр күні оралуы тиіс болған. Алайда белгіленген уақытта жігіттерден еш хабар болмаған.

Жоғалған жеті жігіттің алтауы - Назарбаев университетінің студенті. Ал бірі - Кентау "Білім-Инновация" лицей-интернатының түлегі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1914967-turkistan-oblysynyn-tauly-aimagynda-zogalgan-zeti-zigittin-nege-useui-gana-tabyldy-tzm-zauap-berdi/