RU

Батыс Қазақстанда екі автокөлік түйісіп, төрт адам зардап шекті

Жол апаты
Көрнекі фото: NUR.KZ

Батыс Қазақстан облысында екі автокөлік түйісіп, төрт адам зардап шекті деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиға 28 мамыр күні түсте Орал-Атырау күрежолы бойында Ақжайық ауданы аумағында болды. Ақсуат ауылы тұсында "Шевролет Круз" және "Ниссан" автокөліктері соқтығысты.

Соның салдарынан "Ниссан" автокөлігінің 43 жастағы жүргізушісі мен жолаушысы сынық жарақаттарын алған. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс жасап, мән-жайды анықтау үстінде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының нақтылауынша, сағат 12.43-те жедел жәрдем шақырылып, бригада 13.00-де жетті.

Жол-көлік оқиғасынан төрт адам зардап шекті. Жамбасы мен жіліншігі сынған Атырау облысында тұратын 43 жастағы ер адам Ақжайық аудандық орталық ауруханасының хирургиялық бөлімшесіне жатқызылды.

Кеуде тұсы көгерген 19 жастағы қыз бен тізесі көгерген 41 жастағы ер адам (екеуі де Ақтау қаласынан) амбулаторлық ем алуға жіберілді. Ресейдің Мәскеу облысында тұратын 1956 жылғы әйелдің бұғанасы сынған. Ол да амбулаторлық ем алатын болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1915021-batys-qazaqstanda-eki-avtokolik-tuiisip-tort-adam-zardap-sekti/