RU

"Барлығының миы шайқалған": Шарын шатқалындағы селден зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды

жедел жәрдем74
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Шарын шатқалындағы селден зардап жеккен жандардың жағдайы белгілі болды деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның баспасөз қызметінің ресми өкілі Ләйлім Әубәкірованың айтуынша, 29 мамыр күні Ұйғыр аудандық орталық ауруханасына Шарын шатқалында зардап шеккен 6 адам жеткізілген. Олардың екеуі - 2009 және 2010 жылы туған балалар.

"Қазіргі уақытта 2009 жылы туған бала Алматы аймақтық балалар ауруханасына ауыстырылды. Реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне жатқызылды. Жағдайы ауыр, тұрақты. Диагнозы - жабық бас сүйек-ми жарақаты, мидың шайқалуы. Бірнеше жерден жарақат алған. 2010 жылы туған науқас Ұйғыр аудандық ауруханасының хирургиялық бөлімшесіне жатқызылды. Диагноз: жабық бас сүйек-ми жарақаты, мидың шайқалуы. Аяғынан жарақат алған", - дейді ол.

Ләйлім Әубәкірованың сөзінше, зардап шеккендердің барлығының миы шайқалған.

"1976 жылы туған науқас хирургиялық бөлімге жатқызылды. Диагноз: мидың шайқалуы. Денесінде жарақат бар. 1991 жылы туған науқасты туыстарының талабы бойынша одан әрі тексеріп, емдету үшін Алматы қаласына алып кетті. Диагноз: ЖЖБИ. Мидың шайқалуы. 1970 және 1971 жылы туған екі адам амбулаториялық емделуге жіберілді" , - дейді Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ресми өкілі.

Еске сала кетсек, 29 мамырда Алматы облысының Шарын шатқалында сел жүріп, 2 адам мерт болып, 1 адам із-түзсіз жоғалғаны, тағы 6 адам зардап шеккені хабарланған болатын.

Кейін еліміздің білім және ғылым министрлігі аталған оқиға салдарынан 1 оқушы мен 1 мұғалімнің қаза тапқанын, тағы бір оқушыны іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

Бүгін селмен ағып кеткен оқушы қыздың табылғаны хабарланды және оны құтқару сәтінен видео да жарияланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1915125-barlygynyn-miy-saiqalgan-saryn-satqalyndagy-selden-zardap-sekkenderdin-zagdaiy-belgili-boldy/