RU

"Тиімді бағамен алып беруге уәде еткен": Алматыда алаяқтық жасады деген күдікпен бір топ адам ұсталды

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Алматыда алаяқтық жасады деген күдікпен бір топ адам ұсталды. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов мәлімдеді деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицияның мәліметінше, жеке кәсіпкер сатып алушыларды құрылыс материалдарын тиімді бағада алып беруге уәде беріп, алдаған.

Оның үстінен 10-нан астам адам арызданған.

Рустам Әбдірахмановтің айтуынша, анықтау басқармасы жүргізген сотқа дейінгі тергеу барысында 2014 жылдан 2019 жылға дейінгі аралықта алаяқтық жолмен бір топ адам құрылыс материалдарын сатып алу және сатуды сылтауратып, азаматтардың қаражаттарын иемденіп алғандығы анықталған.

"Өздерінің алаяқтық әрекеттерін жүзеге асыру үшін жалған заңды тұлғаларды құрған, олардың аттарынан жалға берілетін кеңселердің алдында және әртүрлі интернет-ресурстарда жарнамалар салынған.

Күдіктілер жалған келісімшарттар жасасу арқылы, фискалдық түбіртектерді бермей, тауарлар үшін 100 пайыз ақшаны алдын-ала қолма-қол алып, әртүрлі сылтаулармен жеткізу уақытын кешіктірген. Осылайша, алдау және сенімге қиянат жасау арқылы олар өзге азаматтардың мүлкін едәуір мөлшерде иемденген", - дейді ол.

Әбдірахмановтың сөзінше, қазіргі уақытта алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

"Әрбір қатысқан адамның іс-әрекетіне заңды баға беріледі және шара қолданылады", – дейді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1915235-almatyda-alayaqtyq-zasady-degen-kudikpen-bir-top-adam-ustaldy/