RU

Шарындағы сел салдарынан жоғалып кетіп, табылған қыздың жағдайы қалай

Фото
Көрнекі фото: algritravel.kz

Медицина қызметкерлері Шарын шатқалында болған селден аман қалған 11 жастағы қыздың жағдайы туралы айтты деп хабарлайды Қазақпарат.

Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының бас дәрігерінің орынбасары Алуа Жексенова 11 жастағы оқушыны ауруханаға алып келген уақытта жағдайы орташа ауыр болғанын сөз етті.

Оның айтуынша, қыз балаға қабылдау бөлімінде мамандандырылған көмек көрсетіліп, нейрохирургия бөлімшесіне жатқызылған.

"Оған мидың жабық жарақаты, мидың шайқалуы, орташа ауырлықтағы гипотермия, қолы және аяғының көп жері соғылған деген диагноз қойылды. Қазір жағдайы тұрақты", - деді Алуа Жексенова.

Ол пациент 7-10 күннің аралығында ем қабылдайтынын жеткізді.

Еске сала кетсек, 29 мамырда Алматы облысының Шарын шатқалында сел жүріп, 2 адам көз жұмып, тағы 6 адам зардап шеккені хабарланған болатын.

Кейін еліміздің білім және ғылым министрлігі аталған оқиға салдарынан 1 оқушы мен 1 мұғалімнің қаза тапқанын мәлім етті.

"Өкінішке орай, келіп түскен ақпаратқа сәйкес, экскурсияға барғандардың арасында Алматы қаласындағы №199 гимназияның 8 оқушысы болған. Оларды 5 ата-ана мен 3 мұғалім ертіп жүрген. Қайғылы жағдай салдарынан 1 оқушы мен бейіндік пән мұғалімі қайтыс болды. Қаза болғандардың отбасыларына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейміз", - деген еді ведомство хабарламасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1915279-saryndagy-sel-saldarynan-zogalyp-ketip-tabylgan-qyzdyn-zagdaiy-qalai/