RU

"Араққа тойып алған": Атышулы Шалқарда ауыл әкімі мен кәсіпкер төбелесті

Төбелес
Көрнекі фото: © Sputnik / Абзал Калиев

Ақтөбенің атышулы Шалқар ауданында ауыл әкімі мен кәсіпкер төбелесіп қалды. Ауылдастар арасындағы жанжал видеоға түсірілген. Желіде тараған видеода әкімнің ішімдік ішіп алғаны айтылады. Видеода балағат сөздер бар деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Видеоны танымал журналист Асқар Ақтілеуов желідегі парақшасына жүктеді. Әкім отырған көлікті айнала түсіргендер рөлде отырған ер адамға жұдырығымен бірнеше рет соққы жасайды. Және оның ішімдік ішіп алған ауыл әкімі екенін айтады.

"Шетырғыз ауылынының әкімі. Әкім араққа тойып алған. Міне отыр... Маған кімді жинап келіп тұрсың? Шетырғыздың балаларын жинап келіп тұрсың ба?",- деп видео түсіргендер "655 AZ 04" маркалы көлікті көрсеткен.

Журналиске хабарлама жіберген ауыл тұрғындары әкім ішімдік ішсе, тұрғындарды мазалайтынын айтқан.

"Округ әкімі түнделетіп Шетырғыз тұрғынының үйіне барғанға ұқсайды. Видеодағы дауысқа сүйенсек, қасына біреулерді жинап ертіп келген сияқты. Қыспағына шыдамаған тұрғын әкімді соққыға жықса керек. Жекеге хабарласқан оқырман ауыл әкімінің ойына келгенін істейтінін, ішкен кезде көп адамға маза бермейтінін алға тартып отыр",-деп жазды журналист Асқар Ақтілеуов.

KAZ.NUR.KZ тілшісі мән-жайды сұрап, ауыл әкіміне хабарласты.

"Иә, қазір тексеріс жүргізіліп жатыр. Нақтылап ештеңе айта алмаймын. Мен ауыл тұрғынының үйіне барған жоқпын. Сол күні ауылдағы өрт сөндіруші қызметінің балаларымен үй жақта тұрғанымда кәсіпкер жігіттің баласы джиппен келіп, "әкем шақырып жатыр" деді. "Бармаймын, өзі келсін" дегеніме қоймағасын барғанмын. Сол кезде болған жағдай",- дейді Жалғас Сағитжанұлы.

Он жылдан бері Шетырғыз округының әкімі саналатын Жалғас Сағитжанұлы ауылдағы шаруа қожалығының иесімен болған жағдайдың қалай басталғанын айтып берді.

"Ол ауылда шаруа қожалығы бар, бұрыннан жақсы араласатын жігіт. Менен бір жасқа кіші. Әйелдерімізбен отырыстарда бірге қыдырып жүрген адамбыз. Маған сырттан келген қонақтардың көзінше тіл тигізді. Мен оған "Қой, сырттан келген адамдадың көзінше ұят болады. Қатарымыз жоқ, қатарлармен отырған кезде айт" дедім.

Ол небір балағат сөздер айтты. Сол арада екеуміз жағаласып қалдық. Мен әрі қарай кетіп қалдым. Кеткеннен кейін қайта шақырды. Менің ойымда ештеңе жоқ, достасуға шақырды деген оймен бардым. Маған пышақ алып жүгірді. Қашып жүрген кезімде ауылдан тағы екі жігіт келді. Бәрі жабылды. Үш адам жабылып ұрды.

Осы тұрғанда ішкі істер бөліміне арызданып шығып келе жатырмын. Дәрігерден анықтама алып жатырмын. пышақ жарақатының өлшемін есептеді. Арқамда, аяғымда пышақ тиген жерлер бар",-дейді ауыл әкімі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Шалқар аудандық полиция бөлімімен оқиғаға қатысты 293- бабы "Бұзақылық" бойынша қылмыстық іс қозғалу мәселесі шешіліп жатқанын хабарлады.

Айта кетейік, Ақтөбе облысының Шалқар ауданына қарасты Шетырғыз округінде 758 халық бар. Жалғас Сағитжанұлы - 2011 жылдан бері Шетырғыз округінің әкімі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1915321-araqqa-toiyp-algan-atysuly-salqarda-auyl-akimi-men-kasipker-tobelesti/