RU

Түркістан облысында жазасын өтеушілерден тыйым салынған заттар табылды

1
Фото: polisia.kz

Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ИЧ-167/9 мекемесінде жалпы тінту тексеру іс-шарасы өткізілді деп хабарлайды polisia.kz.

Сотталғандардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында өткізілген бұл іс-шараға ҚР ҰҚК Түркістан облысының департаменті, Полиция департаменті, Прокуратура, ҚР Ұлттық ұлан 6698 әскери бөлімі және Қоғамдық байқау комиссиясының мүшелері қатысты.

Тексеру барысында қауіпсіздігі барынша жоғары мекемедегі жазасын өтеушілерден 27 дана ұялы телефон, 42 қуаттағыш құрал екі дана ұялы байланыс батарейкасы, жеті дана Wi-Fi роутер, үш флешкарта, бес дана mp3, 23 дана құлаққап және сотталғандар арасында қайғылы жағдайға соқтыруы мүмкін 19 дана кесу-тесу (қолдан жасалған пышақтар, кескіштер) құралдары табылды.

Тінту барысында барлығы 128 дана тыйым салынған зат табылған. Бұл заттарды сотталған адамдардың туыстары түрлі жолмен алып кірген. Айта кетейік, тыйым салынған заттардың басым көпшілігі сотталғандардың туған-туыстарының “көмегімен” ішке енген.

Яғни, тыйым салынған заттарды жақындарына “жақсылық” жасауды көздейтін жазасын өтеушілердің туыстары мекеменің сыртқы қоршауынан лақтыру фактілері азаймай тұр. Мәселен, өткен жылы дәл осындай бес дерек тіркеліп, заңды бұзған алты азамат ұсталған. Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Талғат Абдранбаев туған-туысын заң бұзушылыққа итермелеген сотталғандардың тәртіптік жазаға тартылатынын, сондай-ақ заңды бұзған азаматтардың жазасыз қалмайтынын тілге тиек еткен болатын.

"Біз ИЧ-167/9 мекемесіне жоспарлы тінту жұмыстарын жүргізіп, сотталғандардан тыйым салынған заттарды тәркіледік. Дәл осындай жұмыстар бұл мекемеде жоспарға сай жыл сайын өткізіліп тұрады. Жалпы, тыйым салынған заттардың мекемеге ену арналарын анықтау мен жолын кесу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады", – дейді департамент бастығы Талғат Абдранбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1915330-turkistan-oblysynda-zazasyn-oteusilerden-tyiym-salyngan-zattar-tabyldy/