Режиссер Дінмұхамед Қонаев туралы фильмнің түсірілімін аяқтауға елден көмек сұрап отыр
Жарияланған күні:
Отандық режиссер Ербол Жұмағұл Дінмұхамед Қонаев туралы деректі фильмнің түсірілімін аяқтауға ел азаматтарынан қаржылай көмек сұрады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Режиссер "Қонаев ғасыры" деп аталатын жобаға жеке адамдардың қаражаты жұмсалып жатқанын атап өтті.
"Өткен жылдың қыркүйек айынан "Қонаев ғасыры" атты толықметражды деректі фильмнің түсірілімімен айналысудамын. Жоба жекменшік қаражат есебінен түсіріліп жатыр. Жобаны досымның қолдауымен бастадым. Бастапқыда екі демеуші болды, алайда екінші демеуші аяқ асты шешімін өзгертіп, жобадан кетті, енді жоба аяқталмай, түсірілім белгісіз мерзімге созылатын түрі бар", - дейді Ербол Жұмағұл.
Режиссердің айтуынша, бүгінгі таңда фильмнің жартысы түсіріліп қойған.
"Қазірге дейін 80 түсірілім күнінің 45-і артта қалды, қаңтардан мамырға дейін фильм өз қалтамнан шыққан ақшаға түсірілді. Қазір ондай мүмкіндігім жоқ. Барлығына түсінікті болу үшін айта кетейін, осыған дейін мен сценарий, режиссура үшін өзіме әлі тиын да бөлген жоқпын. Оның үстіне, командаға қаңтар айынан бастап қарызбын", - деп мойындады Ербол Жұмағұл.
Режиссер сондай-ақ алдағы жоспарын да жасырмай айтты. Ол жаз-күз айларында Мәскеуге, Украинаға, Калининградқа, Өзбекстанға барып, бірнеше адаммен сұхбат жазу жұмыстары жоспарланып қойғанын жеткізді.
Оның сөзінше, осы күнге дейін фильмге 17,5 млн теңге жұмсалғанын, енді оны аяқтауға 20-22 млн теңге жетпей тұрғанын айтады.
Режиссердің қаражат іздеп жүргеніне екі ай болған. Одан нәтиже болмаған соң, Дінмұхамед Қонаев туралы деректі фильмді аяқтауға асар ұйымдастыру туралы ойға келген.
Ербол Жұмағұлдың айтуынша, Димаш Ахметұлы туралы жобаны халықтың қаражатына түсіруге әбден лайық.
Режиссер жиналған әр тиынның есебін беруге уәде беріп отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1915506-rezisser-dinmuxamed-qonaev-turaly-filmnin-tusirilimin-ayaqtauga-elden-komek-surap-otyr/