RU

СҚО-да бір үйдің 2 баласы суға кетіп, көз жұмды

өзен13
Көрнекі фото: pixabay.com

Солтүстік Қазақстан облысында отбасымен демалуға барған бір үйдің екі баласы суға кетті деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы жайт 31 мамыр күні Шал ақын ауданы Мерген ауылының маңындағы қазаншұңқырда болған.

Ата-аналарының айтуынша, олар бес баласымен көлшікке сағат 13.00 шамасында келген. Қастарында 11 және 9 жастағы қызы мен ұлы, 2 жастан асқан және биыл туған сәбилері, сондай-ақ 2012 жылы туған асыранды баласы болған.

Қазаншұңқырдың жанына келісімен отбасы палатка құрған. Бір мезет балалардың әке-шешесі емізулі сәбимен палаткаға кіріп кеткен. Ал судың маңында үш бала болған. Олардың бірі судың салқын екенін айтып, суға түсуден бас тартса, 9 және 11 жастағы жасөспірімдер суға түскен.

"Көлшіктің бір бөлігі терең емес, су тізеден келеді. Екінші бөлігінде тереңдігі 3 метрге дейін жетеді. Палаткадан шыққан ер адам жағадан екі метрдей жерде суда қалқып жүрген ер баланың денесін көрген. Алып шығып, қызды іздей бастаған. Бірден аудандық полиция бөлімшесіне, құтқару қызметіне хабарласқан.

Оқиға орнына балалар оқыған мектептің директоры жеткен. Қыздың денесін өздіктерінен таба алмағандықтан, Петропавлдан құтқарушы-сүңгуірлер жасағын шақыртқан. Алайда, жергілікті мамандар мен ауыл тұрғындары жасөспірімнің денесін олар келгенше екі метр тереңдіктен өздері алып шықты", - дейді СҚО ТЖД бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов.

Балалардың мерт болуына не себеп болғаны алдағы уақытта тексерілмек.

"Балалар суға кеткен кезде әке-шешесі палаткада болған. Оқиға орнында болған полицейлер жасөспірімдердің денесінен зорлық белгілерін тапқан жоқ, дегенмен сот-медициналық сараптаманың қорытындысын күтеміз", - дейді Мұрат Қанғожинов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1915531-sqo-da-bir-uidin-2-balasy-kolsiktegi-suga-tusip-mert-boldy/