Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қашып кетті": Қарағанды облысында 80 жастағы кейуана қарақшыны соққыға жыққан

Опубликовано:

Зейнеткер
Көрнекі сурет: pixabay.com

Қарағанды облысының Саран қаласында кейуана сөмкесін тартып алмақ болған қарақшыны соққының астына алған деп хабарлайды ҚазАқпарат.

30 мамыр күні Қарағанды облысы Саран қаласының полиция бөліміне 80 жастағы әйел түрлі жарақаттармен медициналық мекемеге жатқызылғаны туралы хабарлама келіп түскен. Тәртіп сақшылары анықтағандай, зейнеткер дене жарақатын қарақшыға қарсылық көрсету кезінде алыпты.

Кейуананың айтуынша, таңертең ол шіркеуге бет алып, екі үйдің арасынан өтіп бара жатқанда, оған белгісіз адам шабуыл жасаған. Қарақшы күш қолдана отырып, кейуанадан сөмкесін тартып алмақ болыпты. Алайда зейнеткер еш қорықпастан оған төтеп берген, қарақшыны бірнеше рет ұрып жіберген. Кейін өзі құлап қалып, жарақат алыпты. Кейуананың тойтарыс беретінін күтпеген қарақшы қашып кеткен.

"Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің К 191-бабымен ("Тонау") қылмыстық іс қозғалды. Бірінші маусымда жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні – 25 жастағы ер адамды ұстады. Ол кінәсін толық мойындады. Тергеу жүріп жатыр", - деп хабарлады Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Еске салсақ, бұған дейін 17 күнін шөлде өткізген қария ғажайыптың күшімен аман қалғанын жазған едік. Жергілікті биліктің мәліметіне сәйкес, оның денсаулығы қалыпты, тек жүрген кезде аяғы ауыратын көрінеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1915780-qasyp-ketti-qaragandy-oblysynda-80-zastagy-keiuana-qaraqsyny-soqqyga-zyqqan/

pixel