RU

Өскемен тұрғыны 16 млн теңге қарыз алған танысынан екі жыл жасырынған

Ақша
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Өскеменде ер адам өз танысынан үш айда қайтарамын деп қарызға ақша алып, екі жыл бойы жасырынып жүрген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өскемен қаласының полиция басқармасының Көші-қон қызметі бөліміне жеке сот орындаушысынан ЖК пайдасына 32 жастағы ер адамнан 16 млн теңгеден астам қарызды өндіріп алу туралы қаулы түскен.

Құжаттарға сәйкес, ер адам іскерлік қарым-қатынасқа ие кәсіпкер әйелден ақша алған. Олар 2018 жылдың қыркүйек айында келісімшарт жасасып, Өскемен тұрғыны үш айда қаржыны қайтаруға міндеттелген.

Алайда, ол ақшаны төлемей, екі жыл бойы кәсіпкерден жасырынып жүрген. 2020 жылдың соңында жәбірленуші қарызды қайтару мақсатында сот орындаушысына жүгінеді.

Қарыз алушыға іздеу жарияланған. Оны Өскемендегі көші-қон қызметінің қызметкерлері тапты. Ол туралы барлық ақпарат сот орындаушысына берілген.

Еске салайық, осыған дейін ақтөбелік полиция бір жылға жуық құқық қорғау органдарынан жасырынған әйелді ұстағанын жазған едік.

Полицияның мәліметінше, 31 мамыр күні Ақтөбе криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Ақтөбе қаласында 55 жастағы әйелді құрықтаған. Ол 2020 жылдың тамыз айынан бастап полиция органдарынан жасырынып жүрген.

Әйел Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігімен көзделген қылмысты (Алаяқтық) жасады деп күдіктеліп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1915883-oskemen-turgyny-16-mln-tenge-qaryz-algan-tanysynan-eki-zyl-zasyryngan/