Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Баласының тұсауын кестірген орыс жанұясы көпшілікті сүйсінтті (видео)

Опубликовано:

Фото
Фото: Instagram/vastane.kz

Желіде баласының тұсауын қазақы дәстүрмен кескен орыс ерлі-зайыптылардың видеосы тарады. Онда сәбиді "ақ жолға" қойып, қайшымен тұсауын кескен орыс ұлтының азаматын анық көруге болады. Желі қолданушылары өзге ұлттың қазақы дәстүрді сақтап, тұсау кесу рәсімін жасатқанына сүйсінген, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Орыс отбасының тұсау кесу рәсімі Тик Ток желісін қолданушылары арасында танымалдылыққа ие болды.

Желі қолданушылары аталған видеоны қызу талқыға салып, ондағы ерлі-зайыптылардың әрекетіне сүйсінді.

Бір қызығы, видеодағы ерлі-зайыптылар сәбидің тұсауын ала жіппен кесіп қана қоймай, оның алдына дәстүрге сай, кітап, ақша және т.б. қажетті заттарды қойған. Қаз-қаз басқан сәби тұсауын кескен соң, көліктің кілтін таңдайды. Тұсау-кесуге қатысқан туыстары болса, баланың көлігі көп болады деп, оны жақсы ырымға балаған.

Сондай-ақ видеода сәбидің анасының "Тұсауын кескен соң шауып кетеді біздің балапан" деген дауысын анық естуге болады.

Желі қолданушылары аталған видео соңында пікірлерін жаудырған.

Олар: "Өзге ұлттың тұсауын кескенін бірінші рет көріп тұрмын, тамаша", "Қандай әсерлі көрініс", "Негізі орыс ұлтында да бұл дәстүр бар деп еститінмін", "Балапанның қадамына нұр жаусын, қай ұлт болса да, жақсы ниетпен жасап жатыр ғой", "Қадамына нұр жаусын, керемет", "Елдің баласы болайын деп тұр", "Кілтті таңдағаны жақсы болды, көлігі немесе үйі болады", "Дәулетті болсын", "Орыс ұлты ма, басқасы ма, кім болса да, жақсы ниетпен жасап жатыр , олай алаламай-ақ қояйық" деген пікірлер жазған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916379-balasynyn-tusauyn-kestirgen-orys-zanuyasy-kopsilikti-suisintti-video/

pixel