RU

"Сыйақы жинауды тапсырған": Алматыда балаларды оңалту орталығының экс-директорына сот үкімі шықты

Үкім
Көрнекі фото: pixabay.com

Бүгін Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық соты "Балбұлақ" балаларды оңалту орталығының экс-директорына қатысты қылмыстық іс бойынша айыптау үкімін жариялады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі Медеу ауданының №2 аудандық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, 2020 жылдың 30 желтоқсанында директор А.-ның төрағалық етуімен өткен комиссия отырысында аталмыш мекеменің 22 қызметкеріне сыйақы ретінде 2 331 169 теңге көлемінде қаражат бөлу туралы шешім қабылданған.

2020 жылдың 31 желтоқсанында А. бухгалтерлерге жалпы сомасы 939 000 теңге сыйақыны жинап, өзіне аударуды тапсырған.

Нәтижесінде ол қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін, яғни Қылмыстық кодекстің 361-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот алдына келген.

Прокурор соттан бұрынғы директорға 1000 АЕК (2 917 000 теңге) көлемінде айыппұл салуды сұраған.

Сот үкімімен экс-директор лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, бір жыл мерзімге бас бостандығынан шектелді. Сонымен қатар, ол мемлекеттік қызметте, қаржы ұйымдарында, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Сот үкім шығару барысында сотталушының бірінші рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын, өзінің кінәсін толық мойындағанын және жасаған ісіне өкінетіндігін, 939 000 теңге көлемінде материалдық залалды толық өтегенін ескерген.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916436-almatyda-balalardy-onaltu-ortalygynyn-buryngy-direktoryna-qatysty-sot-ukimi-syqty/