RU

Елімізде жазасын өтеп жатқан сотталушылар түрмеден бакалавр дәрежесін алып шықпақ

абақты
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Алдағы уақытта қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде жазасын өтеушілер жоғары білімге ие бола алады. Елімізде алғаш рет іске асырылып отырған осындай жоба аясында сотталушылар бакалавр дәрежесін алып шығады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қылмыстық тергеу комитетінің баспасөз қызметі Маңғыстау облысындағы қауіпсіздігі жоғары ГМ-172/6 мекемесінің сотталушыларына арнаулы орта білім ғана емес, сонымен қатар қашықтан оқу арқылы жоғары білім алуға да мүмкіндік берілгенін мәлім етті.

"Бұдан былай сотталушылар қазақстандық көлік және логистика академиясының оқу бағдарламасын меңгеріп, маман атанып шыға алады", – дейді ведомство.

Жоғары оқу орнына түсу үшін сотталушылар қарапайым талапкерлер сияқты процедурадан өтуі керек.

Оқу ақысы төленеді, бір жылдық құны – 400 мың теңгені құрайды.

Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта 10-нан астам сотталушы – талапкерлер академияға түсу емтихандарына дайындалып жатыр. Ал қабылдау комиссиясы жаздың соңына қарай құжаттарды қарауға кіріседі.

Бүгінде колония әкімшілігі оқу үдерісіне техникалық қолдау көрсетуге дайындық жұмыстарын пысықтауда екен.

Айта кетейік, бұған дейін Қызылорда облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ЗК-169/5 мекемесіне келген сәлемдемеден яғни қолдан жасалған құрт ішінен есірткі шыққан болатын.

Алты дана құрттың ішінен дәкеге оралып салынған өзіне тән хош иісі бар шөп тәркіленген. Ол салмағы 3,2 грамм кептірілген марихуана болып шыққан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916454-elimizdegi-turmelerdin-birinde-zogary-oqu-orny-asylady/