RU

12 өңірдің тұрғынын алдап соққан: Қазақстандықтырдың атынан несие рәсімдеген алаяқтар ұсталды

Алаяқ1
Көрнекі фото: piqsels.com

Қостанай облысы полиция департаментінің киберқылмыспен күрес бөлімінің қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласының 26 және 32 жастағы тұрғынының қылмысын әшкереледі деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Қостанай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, елорданың екі тұрғыны 2020 жылдың қазан айынан бастап 2021 жылдың сәуіріне дейін азаматтардың әлеуметтік желі арқылы тапқан жеке мәліметтерін пайдалана отырып, микронесиелік ұйымның бірінен онлайн кредит рәсімдеген деп күдіктелуде.

Бұл алаяқтық әрекеттен 210 адам зардап шеккен. Олар елдің 12 өңірінде тұрады. Қарыз сомасы 70 мыңнан 300 мың теңгеге дейінгі соманы құраған.

Күдіктілер ақшаны Қазақстанның түрлі банктерінің виртуалды карталарына шығарып отырған. Кейіннен оны жеке қажеттіліктері үшін және букмекерлік кеңселерде пайдаланған.

Қостанай облыстық ПД бастығының орынбасары Қайрат Дүйсембековтің сөзінше, көпшілігі несие жайлы құқыққорғау органдары қызметкерлерінен білген.

Ал қалғандары микронесиелік ұйым жұмысшыларының қоңырауы мен хабарламасынан хабардар болған.

Мәселен, Ақтөбе тұрғыны қарыз жайлы Қостанай облысы полиция департаменті киберқылмыспен күрес бөлімінің қызметкерінің қоңырауынан кейін білген. Жалпы келтірілген залал 26 млн теңгені құрап отыр. Қазір күдіктілер Қостанайдағы тергеу изоляторында.

Айта кетейік, осыған дейін Қызылорда тұрғынының 2 миллион теңгесін қолды қылған деген күдікпен ер адамның ұсталғанын жазған едік.

Қазіргі уақытта қылмыстық кодекстің 190-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916468-12-onirdin-turgynyn-aldap-soqqan-qazaqstandyqtyrdyn-atynan-nesie-rasimdegen-alayaqtar-ustaldy/