RU

Өзін-өзі тонау операциясын ұйымдастырған елордалық тұрғын ұятқа қалды

Ақша
Видеодан кадр: polisia.kz

Жұмыс берушінің 5 млн теңгесіне қызыққан елордалық жүргізуші тонау қылмысын қолдан ұйымдастырған деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қала тұрғыны "102" нөміріне хабарласып, белгісіз адамдардың өзін қонақ үйдің жанында пышақтап кеткенін айтқан.

34 жастағы жігіттің айтуынша, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінде жүргізуші-экспедитор болып жұмыс істейді екен. Көлікте отырған кезде бетперде киген екі ер адам келіп, пышақпен қорқытып, ақша талап еткен.

Сөйтіп, арада төбелес туындап, тонаушылар жүргізушіден 5 млн теңгеге жуық ақша салынған дорбаны тартып әкетіп, ізін суытқан мыс. Ал жараланған жүргізушінің өзі қалалық ауруханаға жеткізілген.

Полицейлер "қылмыс жасалған" жердегі бейнебақылау камераларының бәрін тексере келіп, мәліметтердің шынайылығына күмәндана бастайды.

Осылайша полиция жүргізушінің сол күнгі қозғалысын түгелдей зерделеп, ақыры пәтеріне тінту жүргізген. Нәтижесінде тоналған ақша сол пәтерден табылған.

"Бұлтартпас дәлелдер шыққаннан кейін "жәбірленуші" қылмысын мойындады. Ол ақшаны өзі иемдену үшін тонауды қолдан жасағанын растады. Қазір оның үстінен көрінеу жалған ақпарат бергені және қылмыстық әрекетке барғаны үшін тергеу жүріп жатыр", - дейді Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916488-ozin-ozi-tonau-operaciyasyn-uiymdastyrgan-elordalyq-turgyn-uyatqa-qaldy/