Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шарын шатқалындағы сел: Зардап шеккен екі адам ауруханадан шықты

Опубликовано:

Шарын
Фото: BAQ.KZ

Шарын шатқалындағы селден зардап шеккен екі адам Алматы қаласының №4 қалалық клиникалық ауруханасынан шығарылды деп хабарлайды BAQ.KZ.

Басылым мәліметінше, 29 мамырда жедел жәрдем бригадасы 23 жастағы Мадинаны №4 қалалық аурханаға жеткізген. Бойжеткен сол экскурсияда гид болған.

"Шарын шатқалындағы сел көшкіні кезінде 4 оқушымен бірге сел тасқынына түсіп, жарақат алдым. Алғашқы сағаттарда жарақатты сезбедім, маған балаларды автобусқа жинау, қалғандарын табуға көмектесу және ата-аналармен кездесу қажет болды. Ата-аналар балаларды алып кеткеннен кейін, артымнан әпкем келгенде, мен аяғымның ауырсынуын және басымның қатты айналғанын сездім. Бір сәтте есімді жоғалтып, ауруханада ғана өзіме келдім", - дейді Мадина.

№4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Сағи Бейсенбеков науқас бірден реанимация бөліміне жеткізіліп, кешенді тексеруден өткенін атап өтті.

Оның сөзінше, зардап шеккен аруды құрамында травматолог, терапевт, анестезиолог бар дәрігерлердің мультидисциплинарлық бригадасы қараған.

Мадина бейінді бөлімшеде ем-шараларды толық алып шыққан.

Екінші науқас Ұлжан есімді №199 мектеп-гимназиясының педагогы. 29 мамырда ол Шарын шатқалына экскурсияға мектеп оқушылары бірге барған.

Төтенше оқиғаның салдарынан миы шайқалып, жабық бас сүйек-ми жарақатын, сонымен қатар, басқа да жарақаттар алған.

Оқиға болған күні жедел жәрдем көлігімен мұғалім Ұйғыр орталық аудандық ауруханасына жеткізілген, ал 30 мамырда №4 Қалалық клиникалық ауруханасының қабылдау бөліміне өз бетінше жүгінген.

Сағи Бейсенбековтің айтуынша, бұл пациент те толық медициналық көмек алған. Бүгінде ол ауруханадан шығарылған.

Еске сала кетсек, 29 мамырда Алматы облысының Шарын шатқалында сел жүріп, 2 адам көз жұмып, тағы 6 адам зардап шеккен еді.

Кейін еліміздің білім және ғылым министрлігі аталған оқиға салдарынан 1 оқушы мен 1 мұғалімнің көз жұмғанын мәлім етті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916581-saryn-satqalyndagy-sel-zardap-sekken-eki-adam-auruxanadan-syqty-foto/

pixel