RU

Жаркент тұрғыны сатып алған грильдің ішінен құрт шыққанын айтып, дабыл қақты

Тауық
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматы облысы Жаркент қаласында саудаланған тауық етінің ішінен құрт шықты деп хабарлайды Қазақпарат.

Тауық етінен құрт шыққан сәттің видеосын әлеуметтік желіде жергілікті тұрғын жариялап, гриль алмауға кеңес берген.

"Жаркенттен гриль алмаңыздар. Қараңыздар ішінен құрт шығып жатыр", - дейді оқырман.

Желіде тараған видеоға қатысты Алматы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті пікір білдірген.

Ведомствоның мәліметінше, Панфилов аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бұл видеоны назарға алған.

Тексеру қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданбақ.

"Құрметті аудан тұрғындары, тамақтан уланудың алдын алу үшін сіздерден заңды сауда орындарынан тамақ сатып алуларыңызды, өнімнің сыртқы түріне, дайындау, жеткізу және сақтау шарттарына, персоналға арналған арнайы киім және тағы басқаларына назар аударуларыңызды өтінеміз.

Егер сіз осындай фактілерді анықтасаңыз, нақты мекенжайды, дүкен атауын және байланыс нөмірлерін көрсетулеріңізді сұраймыз",- делінген Алматы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламасында.

Еске сала кетсек, осыған дейін әлеуметтік желіде медициналық маскадан құрт шыққаны айтылатын видеолар тараған еді. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916596-zarkent-turgyny-satyp-algan-grildin-isinen-qurt-syqqanyn-aityp-dabyl-qaqty/