Нұр-Сұлтанда оқушылар емтиханнан кейін ауруханаға түсті
Опубликовано:
Елордадағы төрт оқушы емтиханнан кейін ауруханаға жүгінген. Кварц әсерінен олардың көзіне зақым келген деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, оқушылар №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасына жедел жәрдем көлігімен жеткізілген.
Олар кварц шамының әсерінен өздерін жайсыз сезінгенін айтқан.
Төрт оқушыны дәрігерлер тексерген. Зардап шеккендер 2004-2005 жылы туған жасөспірімдер.
"Оларды тексеру кезінде жеңіл деңгейде электроофтальмия (көз алмасының зақымдалуы) анықталды", – делінген хабарламада.
Медициналық тексерістен кейін төрт оқушы да үйлеріне жіберілген. Олар тұратын мекенжайы бойынша амбулаториялық ем алады.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, Нұр-Сұлтандағы мектептердің бірінде оқушылар кварцтеуге арналған ультракүлгін шам сөндірмеген кабинетте мемлекеттік емтихан тапсырған.
Еске сала кетсек, осыған дейін білім және ғылым министрінің бұйрығымен білім беру ұйымдарына кіргізуге тыйым салынған және пайдалануға болмайтын заттардың тізімі бекітілген еді.
Тізімде қарудың барлық түрі, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар, сондай-ақ тесуге және кесуге арналған заттар бар.
Білім және ғылым минситрі Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, жаңа норманы енгізу оқушылар үшін қауіпсіз және жайлы орта қалыптастыруға, сондай-ақ құқық бұзушылықтарды уақытылы анықтауға және оның алдын алуға мүмкіндік береді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916610-nur-sultanda-oqusylar-emtixannan-keiin-auruxanaga-tusti/