RU

Даниал Ахметов 30 метрлік монументтің жобасын көрсетті

1
Фото: instagram.com/danial.akhmetov.official

Өскемен қаласында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай монумент орнатылмақ. Бұл туралы ШҚО әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді.

Өңір басшысы 19- шағын ауданға салынатын монумент жобасын өз Instagram парақшасында жариялады.

"30 метрлік көп фигуралы "Тәуелсіздік монументі" мүсіндік композициясы Қазақ мемлекетінің қалыптасу тарихын бейнелейді. Композицияның орталығы - биіктігі 12,6 және диаметрі 11,3 метр болатын алтыбұрышты негіздегі тік ескерткіш. Оның төменгі бөлігінде Қазақстанның даму тарихы бедерленген рельеф орналасқан.

Монументтің орталық бөлігінде қазақ халқының бірлігі мен елдігін бейнелейтін үш биіміз - Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би қойылған. Монументтің екі жағында Қазақ хандығында қабылданған "Жеті жарғы" заңдар жинағының үзінділері жазылған. Монументтің басында Қазақ хандығының негізін қалаушылар - Керей мен Жәнібек бейнелері орналасқан",- деп жазды Ахметов.

Әкімнің айтуынша, мүсіндер қоладан, ал монументтің қабырғалары ақ мәрмәрден жасалады. Аумағы - 6756 м2. Аталған кешеннің логикалық жалғасы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы жаңа аллея болмақ. Мұнда Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының батыры, еліміздің бірінші Қорғаныс министрі Сағадат Қожахметұлының құрметіне ескерткіш қойылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916665-danial-axmetov-30-metrlik-monumenttin-zobasyn-korsetti/