RU

Министр: Грантқа түсетін студенттерге миллиондап ақша аударылады

Асхат Аймағамбетов
Асхат Аймағамбетов. Фото: www.kaznpu.kz

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мемлекеттік грантқа түсетін студенттердың психологиясын өзгертуге және жауапкершілігін арттыруға арналған пилоттық жоба жайында айтып берді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Мысалы, мен өзім грантта оқыдым. Бізбен бірге ақылы бөлімде оқыған балалар да болды. Олар жарты жыл сайын ақша төлеу керектігін білді. Біз болсақ, ақшаны мемлекет төлейді деп, алаңдаған да жоқпыз. Соған үйреніп кеттік. Алайда, шын мәнінде, олай емес, өзіміз төлеп жүрміз ғой, оны мемлекет біз үшін жасап жүр. Себебі, тәртіп бойынша жоғары оқу орны министрлікке грантқа түскендердің тізімін жіберіп отырады. Соның негізінде ақша аударылады", - деді Аймағамбетов Antikornews студиясында.

Министр айтуынша, алдағы уақытта осы жүйені өзгерту жоспарланып отыр. Грантқа түскен студенттердің жауапкершілігі де артады.

"Мәселен, біз гранттың ақшасын студенттің есепшотына аударамыз. Ол өз кезегінде емтихандарды тапсырған сайын жоғары оқу орнына ақшаны төлеп тұрады. Әрине, студент қаржыны оқудан басқа ешқайда жұмсай алмайды. Оқымаса, ақша бюджетке қайтарылады", - деп атап көрсетті Аймағамбетов.

Қазіргі кезде осы бастама пилоттық жоба ретінде қолға алынды. Тәжірибе кезінде артықшылықтары мен кемшін тұстары анықталады. Арнайы ақпараттық жүйе де әзірленеді. 

"Жалпы, идея осындай. Біз оны іске асыруға мүдделіміз", - деді Аймағамбетов.

Айта кетейік, 2020 жылдан бастап Қазақстанда мемлекеттік гранттың құны көтерілген болатын. Мәселен, мемлекеттік жоғары оқу орындарына берілетін бір гранттың құны 342 мың теңгеден 956 мың теңгеге дейін өссе, ұлттық университеттерде 635 мыңнан 1 082 600 теңгеге дейін көтерілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916691-ministr-grantqa-tusetin-studentterge-milliondap-aqsa-audarylady/