Еліміздің бір өңірінде ертеңнен бастап карантин талаптары жеңілдетіледі
Опубликовано:

Солтүстік Қазақстан облысында ертеңнен бастап көптеген нысандардың жұмыс істеуіне рұқсат берілді деп хабарлайды ҚазАқпарат.
СҚО-ның бас мемлекеттік санитар дәрігерінің жаңа қаулысы ертең, 9 маусымнан бастап күшіне енеді.
Құжатқа сәйкес өңірде карантиндік шектеулердің кейбірі алынды:
- келушілер санын 30%-дан асырмай бильярд, боулинг, компьютер клубтары мен аквапарктің және ғимарат ішіндегі балалардың ойын алаңдарының жұмыс істеуіне рұқсат беріледі;
- келушілер санын 30%-дан және 50 адамнан асырмай, банкет залдарында еске алу іс-шараларын өткізуге болады;
- діни нысандарда да адам санын асырмай, маска тағып және 4 метр әлеуметтік ара қашықтықты сақтап іс-шараларды өткізуге рұқсат беріледі;
- мәдениет нысандарында жеке, топтық дайындықтарды адам санын 50-ден асырмай өткізуге болады;
- мектепке дейінгі мекемелерге топтарды қосып, іс-шара өткізбей жұмыс істеуге рұқсат беріледі;
- монша, сауналардың жексенбі күні де жұмыс істеуіне болады;
- спорттық іс-шараларды көрермен санын 20%-дан, ал кинотеатр, театр, концерт залдарының жұмысын көрермен санын 30%-дан асырмай ұйымдастыруға болады;
- қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы сағат 2.00-ге дейін ұзартылады;
- балалардың сауықтыру лагерлері 100% толымдықпен жұмысқа кіріседі.
СҚО Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша "жасыл" аймақта. Мәселен өткен тәулікте облыста коронавирус жұқтырудың жаңадан 13 жағдайы ғана тіркелді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916695-elimizdin-bir-onirinde-ertennen-bastap-karantin-talaptary-zenildetiledi/