RU

Ақтөбеде банк қызметкері клиенттердің ақшасын құмар ойынға салып жіберген

Көрнекі
Көрнекі фото: pixabay.com

Ақтөбеде банк қызметкері төрт салымшының есепшотынан 1,3 миллион теңге алып, құмар ойынға салып жіберген деп хабарлайды Қазақпарат.

Басылым таратқан ақпаратқа сәйкес, полиция қызметкерлеріне бірнеше азамат хабарласып, шоттарынан ақшаның бір бөлігі жоғалып кеткені туралы арызданған.

Тергеу жүргізу барысында қаржы мекемесінің 21 жастағы операторы анықталып, қолға түсті.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов күдіктінің үш ай бойы төрт салымшының шотынан ақша алып отырғанын жеткізді.

Оның сөзінше, банк қызметкері салымшылар байқамау үшін ақшаны 30 мың теңгеден бөліп-бөліп шешіп алған. Жәбірленушілердің шотынан 1 млн 300 мың теңге жоғалғаны белгілі болды.

"Ұрланған ақшаны жас жігіт букмекерлік кеңселердегі құмар ойынға тіккен. Барлық факті негізінде Қылмыстық кодекстің «Ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр",- Ерболат Сарқұлов.

Тәртіп сақшылары банк карталарынан қаржы ұрлау дерегінің көбейгенін, соған байланысты қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрады.

Сонымен қатар, қылмыскерлер үнемі өз дағдыларын жетілдіріп, ұрлықтың жаңа тәсілін жасайды. Сондықтан банк есепшотында сақталған қаржыны үнемі бақылап отырған дұрыс, дейді полиция қызметкерлері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916754-aqtobede-klientterdin-aqsasyn-qumar-oiynga-salyp-zibergen-bank-qyzmetkeri-uyatqa-qaldy/