RU

Елімізде ақылы жолдардың тарифі өсе ме: Министрлік пікір білдірді

Фото
Көрнекі фото: Sputnik / Абзал Калиев

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Қазақстанда ақылы жолдардың тарифі өсе ме" деген сауалға жауап берді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Елордада индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Берік Қамалиев пен "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашевтың кездесуі өтті.

Айта кетейік, осыған дейін "Ақ жол" депутаттары ақылы жолдарға наразылық білдірген жүргізушілер мен кәсіпкерлерге қолдау көрсеткен болатын.

Жиын барысында вице-министр ақылы жолдардың тарифі бес есе көтерілетіні туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын жеткізді.

Тарифтер 2013 жылдан, яғни "Нұр-Сұлтан-Щучье" тас жолына төлем жүйесі енгізілгеннен бері өзгеріссіз қалған:

  • жеңіл көлік үшін – 1 шақырымға 1 теңге,
  • жүк көлігі үшін – 1 шақырымға 5-тен 25 теңгеге дейін, яғни жүк көтергіштігіне байланысты.

Одан бөлек, Берік Қамалиев елімізде тарифтер басқа елдермен салыстырғанда төмен екенін мәлімдеді.

2020 жылы барлық 4 ақылы учаскеден 5,7 миллиард теңге түсім түскен.

2021 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша ақылы учаскелерден 2,3 миллиард теңге жиналған. Түскен қаражаттың барлығы жолдарды күтіп ұстауға бағытталатыны айтылды.

Сонымен қатар министрлік төлем жүйесі тек қазіргі заманғы қауіпсіздік талаптарына жауап беретін және көліктердің жүруіне жайлы учаскелерде енгізілгенін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916793-elimizde-aqyly-zoldardyn-tarifi-ose-me-ministrlik-pikir-bildirdi/