Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Көшелерде жәшік ұстап, қайырымдылыққа ақша жинайтындарды қалай тексеруге болады

Опубликовано:

Қайырымдылық
Көрнекі сурет: pixabay.com

Елімізде жұрттан ақша сұрап, қайырымды іс жасауға үгіттеп жүрген жастарды жиі кездестіруге болады. Оларға көмек қолын созатындар да аз емес. Алайда берген қаражат шынымен де діттеген жеріне жұмсала ма? Әлде бұл жақсылықтың атын жамылғандардың жымысқы жоспары ма? Бұл сұрақтарға жауапты "Еуразия" бірінші арнасы іздеп көрді.

Қолдарына "қайырымдылық үшін" деген жазуы бар жәшік ұстаған жастарды елорда көшелерінен жиі ұшыратуға болады. Кейбірі тәттілерді саудалайды. Олар өздерін еріктімін деп таныстырып, халықты қайырымды іс жасауға үгіттеп, ақша жинайды.

Ал осы еріктілердің жинаған ақшасы кейде діттеген жеріне жетпей жататын кездер де жоқ емес екен.

"Адамдар көп шоғырланатын орындарда печенье сатады, шоколад сатады. Өзін волонтерлық ұйымнан деп көрсетеді. Біреудің атын жамылу факторлары бар. Оған байланысты атқарушы органдар, құқық қорғау органдарына хабарлама түскен. Ол бойынша қазір жұмыстар жүргізіліп жатыр", - дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қайырымдылық және волонтерлік мәселелері басқармасының басшысы Аян Оразбаев.

Арна тілшілері осындай еріктілердің жұмысын бақылап, тексеріп көру мақсатында өздерінің қайырымдылыққа жұмсаған қаражаты қайда кеткенін сұрап, ақша жинағандарға қоңырау шалып көреді. Алайда жіберілген қаражат сырқат балаға емес, бөгде адамға аударылғанын анықтайды. Осы сәтте телефон тұтқасын алған адам қобалжып, тілшілерден тезірек құтылуға асығыпты.

Өкініштісі, мұндай жалған волонтерлар түптеп келгенде қайырымды іс жасап жүрген жандардың ісіне күмән тудырады. Осындай қулығына құрық бойламайтын адамдардың кесірінен халық бізге сенбей жатады дейді нағыз еріктілер ұйымының басшысы.

"Саябақта жүргенімізде алдымыздан жап-жас балалар шығады. Шоколад сатып алыңыз оның ақшасы қайырымдылыққа кетеді деп. Біз өзіміз қайырымдылық жасап жүргеннен кейін сұраймыз. Біз де барайықшы көрейікші, біз де қайырымдылық топпыз десек, олар қашады. Немесе олар көшеде полиция қызметкерін көрсе қашады", - дейді еріктілер ұйымының директоры Әлибек Мырзақұлов.

Қайырымдылық қорының өкілдері мұқтаж жанға көмек беру кезінде өте сақ болу керегін айтады. Олар Әділет министрлігінде ресми тіркеуден өткен ұйымға жүгінген абзал, дейді.

"Садақа беріп жатсаңыз, әртүрлі құжаттар көрсетіп жатады ғой, ресми ұйым ба, соны анықтап алыңыз. Ресми қор ма, арнайы мемлекеттік мекемелерге тіркелген бе, және де жинап жатқан қаражатты қандай мақсатта пайдаланытынын сұраған да дұрыс болады", - дейді ҚМДБ "Зекет және қайырымдылық" қоры директорының орынбасары Нұркен Ділмұхан.

Айта кетейік, бүгінде еліміз бойынша мыңнан астам қайырымдылық қоры бар. 600-ден астам волонтерлық ұйым жұмыс істейді. Бұл тек нақты тіркелгені ғана. Ал, өз бетімен жеке жұмыс істейтіні қанша екені әзірге белгісіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916802-koselerde-zasik-ustap-qaiyrymdylyqqa-aqsa-zinaityndardy-qalai-tekseruge-bolady/

pixel