RU

Жамбыл облысында полиция қызметкерін пышақтап қашып кеткен ер адам ұсталды

Кадр
Фото: Polisia.kz

Жамбыл облысы Шу ауданында полиция инспекторы бірнеше пышақ жарақатын алды деп хабарлайды Polisia kz.

Полицияның мәліметінше, 8 маусым күні түнгі сағат 22:50 шамасында Шу аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторының ұялы телефонына Шу қаласының 37 жастағы тұрғыны хабарласып, өзінің азаматтық некедегі күйеуі отбасылық жанжал шығарып жатқандығы туралы хабарлаған.

Шақырту бойынша келген тәртіп сақшысына 27 жастағы ер адам бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Осыдан кейін жанжал шығарушы оқиға орнынан бой тасалаған.

Қазіргі уақытта жарақат алған құқық қорғау саласының қызметкері Шу ауданының ауруханасында емделіп жатыр. Басылым мәліметінше, оның денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

Бұл жағдайға қатысты Жамбыл облысы полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов пікір білдірді.

Ол аталған дерек бойынша "Сирена-1", "Тосқауыл" жоспарлары жарияланып, іздеу жұмыстарына полиция департаменті және Шу, Қордай, Мойынқұм, Тұрар Рысқұлов аудандық полиция бөлімдерінің жеке құрамы жұмылдырылғанын жеткізді.

"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті ізін суытпай Шу ауданының Алға ауылынан ұсталды, оның жеңіл дәрежеде мас күйде екендігі анықталды. Ол Шу ауданың уақытша ұстау изоляторына қамалды", - дейді Жанат Сүлейменов.

Полиция басшысы қазіргі уақытта күдіктінің үстінен Қылмыстық кодекстің 380-1-бабы 1-бөлігімен ("Билік өкіліне қатысты күш қолдану") сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916890-zambyl-oblysynda-er-adam-policiya-qyzmetkerine-birnese-ret-pysaq-salgan/