RU

Отандық ғалым: Коронавирусқа қарсы жыл сайын жаңа вакцина алып отыру керек

Көрнекі
Көрнекі фото: NUR.KZ

Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университетінің жұқпалы және тропикалық аурулар кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Равиля Егембердиева коронавирусқа қарсы жыл сайын жаңа вакцина алып отыру керектігін айтты деп хабарлайды Қазақпарат.

Ол коронавирус жылдам мутацияланып жатқанын жеткізді. Соған байланысты жаңа екпелер жасалып отыруы керек, дейді ғалым.

"Коронавируспен ауырған адамда 2-8 айға дейін жететін антидене түзілетіні айтылып жатыр. Ал вакцина алғандарда антидене 6 айдан 1 жылға дейін жетеді. Вакцинаны салғанда адам ағзасы ол вируспен танысады және оған қарсы антидене түзіп, қорғаныш қабілеті пайда болады. Кейін вирус жұққанда ол қорғаныш жасушалары бірден оған шабуыл жасап, оған қарсы тұрады. Немесе ауыру жеңіл өтеді. Алайда коронавирус мутацияланып, жаңа штамдары пайда болып жатыр. Бұрынғы антиденелер оған қарсы тұра алмайды. Ол үшін жыл сайын жаңа штамға қарсы тұратын вакцина жасау керек", - дейді Равиль Егембердиева.

Сонымен қатар, профессор вирусқа қарсы иммунитет қанша уақытқа дейін сақталатынын дөп басып айту қиын екенін жасырмады.

Ұжымдық иммунитет қалыптасса, инфекция өздігінен жоғалады деу қате, дейді ол.

Равиль Егембердиеваның сөзінше, вирус бәрібір арамызда қалады.

"Тек жеңіл өтіп және өлімге әкелмеуі мүмкін. Қазір мамандардың ешқайсысы вирусқа қарсы иммунитет қанша уақытқа дейін сақталатынын дөп басып айта алмайды. Сондықтан қосымша вакцина қажет болады", - деді отандық ғалым.

Оның пікірінше, вирустардың мутациялануы табиғи құбылыс, жер шарындағы барлық тірі ағзаның жетілуінде болатын жағдай.

Вирустар өздігінен тіршілік ете алмайды, ары қарай өмір сүру үшін қожайынның ағзасы керек, дейді Равиля Егембердиева.

Сондықтан олар әрдайым эволюциялық әсерге ие.

Ғалым адамның иммундық жүйесі қоздырғыштарға қарсы күресте түрлі әдіске баратынын атап өтті.

"Қожайын ағзасының вирустарға қарсы тұратын басты әдісі антидене түзу. Антидене адам ағзасындағы жасушаларды вирустың еніп кетпеуінен қорғайды. Олар қандай да бір вирус штамының еніп кетпеуіне қорған болады", - дейді профессор.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917100-otandyq-galym-koronavirusqa-qarsy-zyl-saiyn-zana-vakcina-alyp-otyru-kerek/