Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Есеңгіреп отырмын": Адвокат Томиристің өліміне қатысты сот процесі қалай өткенін айтты (видео)

Жарияланған күні:

Томирис Байсафа
Томирис Байсафа. Фото: instagram.com/baisafatomiris

Зардап шеккен тараптың өкілі болып есептелетін адвокат Евгений Яворский Томирис Байсафаның өліміне қатысты істің кей мәліметтерін жария етті. Оның айтуынша, Томиристің анасы сот шешіміне сене алмаған, тергеу өкілдері де шешімге таң қалып отыр екен. Адвокат бұл туралы "Отырар" телеарнасындағы "Яворскиймен бір сағат" бағдарламасында айтты.

Адвокат сотталушының айғақтарын үш рет өзгерткенін атап өтті. Ол Томиристің бірнеше рет өз-өзіне қол салмақ болғанын алға тартыпты. Яворский атап өткендей, бұл туралы тек сотталушы айтқан.

Адвокаттың пікірінше, марқұм өмір сүргісі келген, университетті бітіруді және алдағы жоспарларын жүзеге асыруды ойлаған. "Ол сондай-ақ Меджидовті жіберіп, ұмытқысы келді", - дейді Евгений.

Ол сот процесі туралы да айтып берді. Адвокаттың сөзінше, олар қазылар алқасын наурыз айынан бастап құра алмай келген. Іс бірнеше рет кейінге қалдырылған.

Адвокат 40 адамның ішінен 6 алқаби мен екі қосалқы адам таңдалғанын атап өтті. Евгенийдің өзі бұл уақытта Мәскеуде болғанын айтуда.

Оның сөзіне сенсек, қазылар алқасы құрамына сайланған екеуі істі қарағаннан кейін алқабилер қатарында болудан дереу бас тартқан. Олардың орнына қосалқы адамдар қойылыпты.

Сот отырыстары күн сайын дерлік өтіп, соттағы айыптауларды ауданның және Бас прокуратураның қызметкері қолдаған.

Яворскийдің сөзіне қарағанда, ол сот отырысы барысында келтірілген дәлелдерге алқабилердің сенбегеніне таңғалған.

"Есеңгіреп отырмын, не болғанын түсінбедім, неге қазылар алқасы бұл дәлелдерге сенбегені түсініксіз", - дейді Евгений Яворский.

Адвокат сонымен қатар айыпталушы тарап қайтыс болған бойжеткеннің анасынан кешірім сұрамағанын айтты.

Евгений алдымен айыптаушы тараптан дәлелдер келтірілгенін айтуда. Адвокат сонымен бірге Ресей заңдарының бір ерекшелігіне назар аударды. Оның айтуынша, Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес, егер Меджидов кезінде адвокатсыз болған болса, онда бұл айғақтарды есепке алуға болмайды.

Яворский атап өткендей, сотта айыпталушыны бірден үш адвокат қорғаған. Оның айтуынша, бұл адвокаттар сауатты жұмыс істеген, өздерімен жабдықтар, тіпті принтерлер алып келген. Олардың бірнеше өтінішхаттары болыпты. Яворский бұл өтінішхаттардың біреуі 70 беттен тұратындығын атап өтті. Мұның бәрі қазылар алқасына әсер етуі мүмкін деп санайды ол. Адвокат қазылар алқасын мұндай шешім қабылдауға не итермелегенін әлі де түсіне алмай жүргенін мойындады.

Яворский біздің елдер алқабилер сотына әлі дайын емес деп санайды. Алқабилердің 6 мүшесінің 5-і Меджидовтің кінәсіз екенін айтқан. Адвокат нақтылағандай, қазылар алқасы қыз құлап кетті деп шешкен, бірақ бұған Меджидов кінәлі емес деп тапқан.

Яворский сотталушы сот залында босатылғанын айтты. Қазір жәбірленуші тарап апелляциялық шағым дайындауда, деп атап өтті адвокат. Ол іс қайта қаралады деп санайды. Алайда, Яворский Меджидов ізін суытуы мүмкін деп қорқады.

Еске салсақ, 2018 жылдың 3 мамырында Мәскеуде университет ғимаратынан құлаған қазақстандық студент Томирис Байсафа қайтыс болған еді.

Ресей тарапы аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады.

Сонымен қатар, тергеу органдары марқұмның өзіне қол салуы мүмкін деген нұсқаны да қарастырды. Алайда Томирис Байсафаның анасы өмірге құштар қызының өзін өлтіруі мүмкін емес екенін айтқан болатын.

Сондай-ақ, қазақстандық арудың өліміне қатысты істе Дағыстанның бұрынғы премьерінің ұлының есімі де аталған еді. Олардың жақын қарым-қатынаста болғаны да айтылды. Кейін одан жауап алынғаны да хабарланды.

Ал 2020 жылдың 28 шілдесінде Муртузали Меджидовтің ұсталғаны белгілі болды. Ресейдің тергеу комитеті оған қатысты 105-бап бойынша ("Кісі өлтіру") қылмыстық іс қозғады. Кейін ол қамауға алынды.

Жақында Томирис Байсафаның өліміне күдікті деп танылған Муртузали Меджидовтің ақталып шыққаны белгілі болды. Көп ұзамай, Томирис Байсафаның анасы сотта заңбұзушылықтар орын алғанын мәлімдеген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917163-esengirep-otyrmyn-advokat-tomiristin-olimine-qatysty-sot-procesi-qalai-otkenin-aitty-video/