Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Дисней деңгейінде мультфильм түсіремін": Қазақ қызы әйгілі Массачусетс университетінен шақырту алды

Опубликовано:

Фото
Фото: KAZ.NUR.KZ

Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі Далес Мыңжасар АҚШ-тың Массачусетс, Чикаго, Флорида штаттарындағы оқу орындарына құжат тапсырып, бүгінде әйгілі университеттердің бірінен шақырту алып отыр. Бала күнінен сурет өнеріне қызыққан дарынды қыз болашақта дисней деңгейіндегі мультфильм түсіріп, отандық анимация индустриясын дамытуда қалайды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі баяндайды.

2015 жылы Алматы қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне емтихандық іріктеу арқылы оқуға түскен дарынды қыз мектеп қабырғасында гуманитарлық пәндер мен химия, информатика сабақтарын сүйіп оқығанын айтады.

"Жанұямда екі баламыз – мен және інім. Бала күнімнен бастап өнерге қатты қызықтым. Сурет салудан басқа ән айту, би және музыкалық аспаптарда ойнаумен айналысамын. Отбасымда өнерлі адам көп, анам да мектеп кезінде сурет салатын, алайда қазір тек ағам екеуіміз ғана сурет саламыз", - деп әңгімесін бастады Далес.

Оның айтуынша АҚШ-тың адуынды жоғары оқу орындарына құжат жинауды әрі портфолиоға қажет суреттерді ол бар-жоғы 3 айда салыпты.

"Оқу орындарына құжат жинауды кеш бастадым. Негізі компьютерлік анимация және т.б. өнер мамандықтарына оқуға түсу үшін, 20-25 жұмыстан тұратын портфолио жинау керек. Жалпы мұндай портфолионы дайындау үшін кем дегенде жарты жыл, тіпті бір жыл уақыт керек.

Алайда өз таңдауымды кеш жасағандықтан, маған небары 3 айда жұмыстарымды дайындауға тура келді. Осылайша күзде және қыста сабағымнан бос уақыт табылған кезде, тек сурет салумен айналысатынмын. Сурет салумен бірге сабағымды бірге алып жүру қиынға соққанмен мен одан ләззат алғанмын. Сол еңбектің арқасында қазір АҚШ-тың Чикаго, Флорида, Массачусетс университеттерінен шақырту алдым. Сол сияқты тағы үш оқу орнынан жауап күтіп отырмын",-дейді жас түлек.

Фото
Фото: KAZ.NUR.KZ

Далестің сөзінше, осы үш ай бойы оған ата-анасы мен сурет мектебінің ұстазы көп қолдау көрсетіпті.

"Анам мен әкемнің қолдауының арқасында ғана мен осы тосқауылды оңай жеңіп шыға алдым. Сонымен қатар, сол қиындықтарға толы 3 ай бойы қол ұшын созып, көмек көрсетіп, білім берген “Графика” сурет мектебі мен Джапарова Карина ұстазыма үлкен алғысымды білдіргім келеді",-дейді Далес.

Фото
Фото: KAZ.NUR.KZ

Сондай-ақ, ол қазақстандық суретшілердің арасында кімдерге бой түзейтінін де атап өтті.

"Қазақстандық суретшілер арасында Ерболат Төлепбай өнеріне тамсанамын және оны үлгі тұтамын. Жақында мен Ерболат ағаның кәсіби студиясына қонақ болып, оның жұмыстарын өз көзіммен тамашаладым. Кейін Қазақстанның атақты қылқалам шебері менің сүреттерімді көріп, оларға жоғары баға беріп, өз батасын берді", - деді жас өнерпаз.

Далес Мыңжасар болашақта Дисней деңгейіндегі мультфильм түсіріп, отандық анимацияның дамуына өз үлесін қосқысы келеді.

"Жас суретшілерге, өзіме де пайдалы болатын кеңес берер едім: егер осы өмірлік жолды таңдаған болсаңыздар, тек табиғи талантқа сенбей, өз шеберліктеріңді еңбек пен практика арқасында жетілдіру керек. Мен компьютерлік анимация мамандығын таңдағандықтан, болашақта қазақстандық анимация индустриясын дамытып, Дисней деңгейіндегі, толық метражды мультфильмдерді шығаруды мақсат етемін",-деп сөзін түйіндеді суретші.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917177-disnei-dengeiinde-multfilm-tusiremin-qazaq-qyzy-aigili-massacusets-universitetinen-saqyrtu-aldy/

pixel