Қазақстаннан келген делегация Ресейдегі "ЛУКОЙЛ" компаниясының өндіріс нысандарын аралады
Жарияланған күні:
"Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Энергетика министрінің орынбасары Жұмабай Қарағаевпен және "ҚазМұнайГаз" ҰК" басшысы Әлік Айдарбаевпен бірге Ресейдегі "ЛУКОЙЛ" ҚАҚ өндірістік нысандарын аралады.
Қазақстандық делегация Каспий теңізіндегі В.Филановский кен орнының мұнай платформасында болып, онда көмірсутегі шикізатын тікелей өндіруден бастап дайын өнімді жағаға тасымалдауға дейінгі толық технологиялық циклмен танысып қайтты.
ЛУКОЙЛ үшін негізгі міндеттердің бірі Каспийдің бірегей биологиялық ресурстарын сақтау болып табылатындықтан, компания басты шаралары қатарында "нөлдік төгінді қағидасы" бар қорғаныс шараларын қабылдап келеді. Дәл осы жүйемен мұнай-газ өндірісінің қазақстандық өкілдері де егжей-тегжейлі танысты.
"Нөлдік төгінді қағидасын" компания Балтық шельфінде жұмыс істеген кезде қолдана бастаған, содан кейін бұл Каспий, Баренц және Балтық теңіздеріндегі ЛУКОЙЛ-дың барлық жобалары үшін жалпы тәжірибеге айналды. Бұл технологияға сәйкес барлық қалдықтар мен ағынды сулар жағалауға жеткізіледі, осылайша теңіздің ластану жағдайы толығымен жойылады.
Сапар аясында қазақстандық әріптестер Астрахань маңында орналасқан "ЛУКОЙЛ" компаниясының Ресейдегі жалғыз халықаралық корпоративтік оқу орталығына экскурсия жасау мүмкіндігіне ие болды. Орталық теңіздегі мұнай-газ нысандары қызметкерлеріне техникалық және психологиялық дайындықтар жүргізеді.
Дайындық жүргізу теңіздегі адамдардың өмірін сақтауға және теңіздегі мұнай-газ нысандарында болуы мүмкін әртүрлі төтенше жағдайларға қатысты барлық бағыттар бойынша жүзеге асырылады.
Атап айтқанда, мұнай компаниясының қызметкерлері өздерінің біліктіліктерін арттырады, іс-тәжірибеден, қайта даярлаудан өтеді және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларда әрекет ету және зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету тұрғысынан білім мен дағдыларға ие болады.
Орталықта суда құтқару дағдыларын машықтандыруға, тікұшақ апаттарына, мұнай өндіретін нысандардағы өртке қарсы әрекет етуге арналған ең заманауи тренажерлер бар. Орталықта ірі халықаралық және ресейлік мұнай компанияларының өкілдері дайындықтан өтеді.
Қазақстандық тарап ЛУКОЙЛ нысандарының экологиялық және технологиялық процестерін жоғары бағалады.
Айта кетсек, Қазақстан ЛУКОЙЛ-мен 20 жылдан астам уақыт бірге жұмыс істеуде. ЛУКОЙЛ және "ҚазМұнайГаз" Қарашығанақ, Теңіз, Жеңіс, Әл-Фараби сияқты жобаларда, сондай-ақ Каспий құбыр консорциумының мұнай тасымалдау жобасында стратегиялық серіктестер болып табылады.
Сонымен қатар, компания республикада әлеуметтік жобаларды жүзеге асырады. Атап айтқанда, COVID-19 эпидемиясы өршіген кезде компания жалпы құны шамамен 1,5 миллион долларды құрайтын жылжымалы және стационарлық рентген аппараттарын, оттегі станцияларын, ультрадыбыстық диагностикалық жүйелер мен мониторларды өз қаражатына сатып алып, Алматы мен Қызылорда облыстарындағы 11 медициналық мекемеге жеткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917187-qazaqstannan-kelgen-delegaciya-reseidegi-lukoil-kompaniyasynyn-ondiris-nysandaryn-aralady/