RU

Қостанайда көлік жүргізушісіне 2 миллион теңгенің айыппұлы салынды

Көлік
Көрнекі фото: pexels.com

Қостанай қаласында көлік жүргізушісі 2 миллион теңгенің айыппұлын төлеуге міндеттелді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Өңірдің полиция департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, тәртіп сақшылары патрульдеу кезінде "Ваз 2109" маркалы көлікті тоқтатқан. Ал электронды жүйені тексеріп қарағанда көлік жүргізушісінің 8 сәуірден бастап жол жүру ережесін 96 рет бұзғанын анықтады.

Полиция қызметкері бірден сол жерде әкімшілік хаттама толтырып, жас жігітке 2 миллион теңгенің айыппұлын салды. 

"Оның көлік жүргізу куәлігі де болмай шықты. Сақтандыру полисі де болмады", - делінген полиция департаментінің хабарламасында.

Жас жүргізушіге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің екі бабы бойынша хаттама рәсімделген. Жеңіл көлік әкімдіктің арнайы тұрағына қойылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін де Қостанай полицейлері 184 рет жол ережесін бұзған Ресей азаматын ұстаған еді.

Жоғары жылдамдықпен жүйткіген жүргізушіні патрульдік полиция қызметкерлері анықтаған. Одан бөлек, ер адамның көлікті жалған сақтандыру полисімен басқарғаны белгілі болған.

Ережені ескермеген Ресей азаматы енді 3 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл төлеуі тиіс.

Айта кетейік, 13 ақпаннан бастап қазақстандық көлік жүргізушілеріне жүргізуші куәлігінсіз қатынауға рұқсат етілді.

Жаңа нормалардың қазақстандық жүргізуші куәлігі жоқ шетелдіктерге және көлігі Қазақстанда тіркелмеген жүргізушілерге қатысы жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917211-qostanaida-kolik-zurgizusisine-2-million-tengenin-aiyppuly-salyndy/