"Мемлекеттің ақшасына Lexus алған": Ақтөбелік экс-шенеунік тоғыз жылға сотталуы мүмкін
Жарияланған күні:
Ақтөбе қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Жангелді Әубәкіровтің соты аяқталуға жақын. Одан бөлек, бюджеттен миллиондаған теңге жымқырды деген күдікпен тағы төрт адам сотта жауап беріп жатыр. Олар 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін деп хабарлайды "Диапазон".
Ақтөбеде жаңа жылдық безендіруге жұмсалуы керек болған миллиондаған бюджет қаражатын жымқыру бойынша сот ісі аяқталды.
Айыпталушылар арасында Ақтөбе қаласы әкімінің экс-орынбасары Жангелді Әубәкіров, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бастығының бұрынғы міндетін атқарушы Нұрлан Досов және "Табыс Ақтөбе" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы үш қызметкері бар.
Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, жаңа жылға безендіруге бюджеттен 100 миллион теңге бөлінген. Айыпталушылар барлық дерлік соманы өзара бөліп алды деген күдікке ілініп отыр. Ал шаһарды бизнесмендер өз қаражатына безендіріпті.
Айыптау қорытындысында бұрынғы әкім орынбасарының ұрланған қаражаттың бір бөлігіне Lexus, дөңгелектер жиынтығы, былғары орындық, құрылыс материалдары, дәретхананың пневматикалық қақпағы және тағы басқа заттар сатып алуға жұмсағаны жазылған.
Сонымен қатар, айыпталушылардың қалған соманы өзара бөліп алғаны да көрсетілген.
Сот залында отырғандар өз кінәсін мойындаған жоқ. Жангелді Әубәкіров әкім тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта үнемделген қаражатқа қаланы безендіру туралы тапсырма бергенін, басшының тапсырмасы орындалғанын сөз етті.
Оның айтуынша, топтың әрекетінде заңбұзушылық жоқ.
Прокурор соттан айыпталушыларды ақша жымқырғаны үшін кінәлі деп тауып, әкімнің экс-орынбасарын 9 жылға, қалғандарын 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Адвокаттар мемлекеттік айыптаушының бұл сөздерімен келіспейтіндерін жеткізді. Олар ұрлық болмағанын, істе "тапсырыс берушінің сипаты" болуы мүмкін екенін атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917239-memlekettik-aqsasyna-lexus-algan-aqtobelik-eks-seneunik-togyz-zylga-sottaluy-mumkin/