Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мен шығыстың адамымын, бәрін бетке айтамын": ШҚО-дағы бизнесмендер дауы өрши түсті

Опубликовано:

Лұқбек Тумашинов
Лұқбек Тумашинов: Instagram

Шығыс Қазақстан облысындағы беделді кәсіпкерлердің бірі Лұқбек Тумашинов ірі компаниялардың жұмысына күмән келтіріп, ел президентіне бірнеше рет ашық хат жазған бизнесмендерге жауап берді. Қатонқарағай өңірінің тумасы шындықты тіке айтатынын жасырмай, әріптестер кәсіпкерлерімен бірге журналистердің басын қосып, өңірдегі ақпараттық соғысқа қатысты ойымен бөлісті деп жазады KAZ.NUR.KZ.

«Біз, адал түрде салығымызды төлеп, қызметімізді атқарып отырған бизнесмендер аймақтағы қып-қызыл даудың ортасында қалдық. Шыны керек, өңірдегі ең ірі салық төлеушілердің біріміз. Кез келген жерде істің артынан сөз ереді. Бірақ бұл жолы шектен шығып, тып-тыныш жұмысымызды жасауға кедергі келтіруде», - дейді Тумашинов.

Жақында ШҚО-дағы бір топ бизнесмен облыс басшылығын кінәлап, ірі тендерлердің әкімдікке жақын компанияларға берілетінін айтып, дау көтерген болатын.

Тіпті, осыдан соң облыс әкімі Даниал Ахметовтің қызметінен кетуін де талап еткендер бар. Осы орайда, бизнесмен мұның шындыққа жанаспайтынын, мемлекеттік сатып алулардың барлығы ашық түрде өтетінін жеткізді.

«Мен шығыстағы Қатонқарағай аймағында туып-өстім. Мұнда қыс ұзақ, адамдардың мінезі де осыған ұқсас. Шығыстың адамымын, бәрін тіке айтамын. Бұл жерде өзіне сеніп тапсырылған міндеттерді толық атқара алмағандар кінәні басқадан іздеп отыр. Ал біз қанша адамды жұмыспен қамтып, бюджет қазынасына қаншама салық төлеудеміз. Қазіргі таңда мен басқаратын компания көпір салып жатыр. Өйткені, ауыл адамдары қалаға жету үшін ұзақ жолды айналып келеді. БАҚ-та болып жатқан оқиғалар біздің қаржымызға тұсау салмаса да, тексерістерді көбейтуде. Ал бұл істің тежелуіне әкеледі. Тендерді әкімдікке жақын компанияларға береді деп айыптаушылардың, хат жазып, қол қойған адамдардың басым көпшілігін танымаймыз. Ал танитын кәсіпкерлердің жағдайы жаман емес. Олар қаншама қаражатты дұрыс жарата алмай, сенімнен кеткен соң, осындай қадамға барып отыр», - дейді ол.

Баспасөз жиынын өткізген ШҚО бизнесмендері әкімдікті орынсыз айыптап, бопсалап отырған әріптестеріне шүйлігіп отыр. Олардың айтуынша, бірнеше ай бойы Шығыс Қазақстандағы бір топ кәсіпкер облыс басшылығы мен бизнесмендерді қорқытып, тұтас өңірдің қызметін іс жүзінде тоқтатқан.

"Арадағы түсініспеушіліктер қолдан жасалғанына қарамастан күннен-күнге ушығып барады. Мұндай қақтығыстар жеке пайданы көздейтіні көрініп тұр. Оған «Semey Bus» ЖШС айналасында болып жатқан жағдайлар себеп. «Semey Bus» компаниясының тиімсіз менеджменті компанияны күйретті. Олардың қарыздары бүгінгі таңда 2 миллиард теңгеден асады. Тасымалдаушы өз мәселесін мемлекеттен субсидия талап ету арқылы шешпек. Біржақты қоғамдық пікірді өз пайдаларына жаратқысы келетіні байқалады. Әкімдікті айыптаушы кәсіпкерлер тек ресми БАҚ қана емес, сонымен қатар әлеуметтік желілердегі фейк аккаунттар арқылы жергілікті билікті қорлау мен жала жабуға дейін барды. Мұның бәрі негізсіз екенін ескеріп, билік өкілдерінен назарға алуын сұраймыз", - дейді Лұқбек Тумашиновпен бірге баспасөз жиынын өткізген бизнесмендер.

Сөз соңында табысты бизнесмен қалаға көшіп келгенде мүлде баспанасы болмағанын, бүгінгі жетістігіне үлкен еңбекпен, тұрақты түрде салық төлеп жеткенін айтты.

«Он жыл бұрын Өскеменге бала-шағаммен көшіп келдік. Басымда баспанам жоқ, әр жерге көшіп жүрдік. Осы аралықта бәрін реттеп, бүгінде көптеген адамды жұмыспен қамтып отырмыз. «Ит үреді, керуен көшеді» деген сөз бар қазақта. Сыртымыздан қанша сөз айтса да, біз алға баса береміз», - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917298-men-sygystyn-adamymyn-barin-betke-aitamyn-sqo-dagy-biznesmender-dauy-orsi-tusti/

pixel