RU

Алматы әкімдігі Тұрғымбаевтың әл-Фарабидегі жылдамдық өзгереді деген сөзіне пікір білдірді

Әл-Фараби даңғылы
Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Алматы әкімдігі әл-Фараби даңғылындағы көлік қозғалысының жылдамдығы сағатына 60 шақырымға дейін азайтылуы мүмкін деген ақпаратқа пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Алматы әкімдігі әл-Фараби даңғылындағы жылдамдық режимін сағатына 80 шақырымнан 60 шақырымға өзгерту мәселесін қарастырып жатқан жоқ", - деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетсек, бұған дейін еліміздің ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев әл-Фараби даңғылында жылдамдық режимі азайтылуы мүмкін екенін айтқан болатын.

"Алматыдағы әл-Фараби даңғылында жылдамдық режимі 15 жыл бойы сағатына 80 шақырымға дейін ұлғайтылды. Менің білуімше, қазір әкімдік жылдамдықты сағатына 60 шақырымға дейін азайту мәселесін қарастырып жатыр.

Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар әкімдікке қарайтын жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ұсынысын және жол инфрақұрылымын ескере отырып, шешім қабылдайтын болады", - дейді ІІМ басшысы.

Айта кетейік, 2019 жылдың басында әл-Фараби даңғылында жылдамдық сағатына 60 шақырымға дейін азайтылған болатын. Сол кезде полиция мұндай шараның жол апаты мен жолдағы адам өлімін азайту үшін қабылданғанын айтқан еді.

Алайда сол жылы тамыз айында даңғылда жылдамдық сағатына 80 шақырымға дейін қайта ұлғайтылды. Қала тұрғындары әкім Бақытжан Сағынтаевқа осындай өтінішпен жүгінген.

Жылдамдықты сағатына 60 шақырымға дейін азайтқан соң қаладағы жол апатына қатысты жағдай жақсармаған. Сондай-ақ, жол апаты да азаймаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917304-almaty-akimdigi-turgymbaevtyn-al-farabidegi-zyldamdyq-ozgeredi-degen-sozine-pikir-bildirdi/