RU

Аймағамбетов: Жаңа оқу жылында мектептерді ашамыз деп үміттенемін

білім министрі
Фото: Асхат Аймағамбетов/Facebook

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте жаңа оқу жылында оқушылар дәстүрлі оқыту форматына қайта оралуы мүмкін екенін айтты. Себебі, қазір елде вакцинация қарқыны артып, коронавирус жұқтыру деңгейі төмендеп келеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Жаңа оқу жылында мектептер ашылып, балаларымыз дәстүрлі форматта білім алу мүмкіндігіне ие болады деп үміттенеміз. Әрине, ол үшін вакцинация сынды өте маңызды әрі қарапайым санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау керек. Мектептеріміз ашылуы үшін ол өңір "қызыл" аймақта болмауы тиіс, оның "жасыл" аймақта болғаны абзал", - дейді ол.

Осы ретте министр жалпы вакцинация қарқыны мен ауру жұқтыру деңгейінің төмендеуі оқу жылының басталуына оптимистік көзқараспен қарауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

"Жаңа оқу жылында мектептерді ашу мүмкіндігі туады деген ойдамыз", - дейді Асхат Аймағамбетов.

Еске салсақ, осыған дейін білім және ғылым министрі мемлекеттік грантқа түсетін студенттердың психологиясын өзгертуге және жауапкершілігін арттыруға арналған пилоттық жоба жайында айтып берген болатын.

"Мәселен, біз гранттың ақшасын студенттің есепшотына аударамыз. Ол өз кезегінде емтихандарды тапсырған сайын жоғары оқу орнына ақшаны төлеп тұрады. Әрине, студент қаржыны оқудан басқа ешқайда жұмсай алмайды. Оқымаса, ақша бюджетке қайтарылады", - деген еді Аймағамбетов.

Қазіргі кезде осы бастама пилоттық жоба ретінде қолға алынған. Тәжірибе кезінде артықшылықтары мен кемшін тұстары анықталмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917313-aimagambetov-zana-oqu-zylynda-mektepterdi-asamyz-dep-umittenem/