RU

Орал қаласында улы зат табылуына байланысты төтенше жағдай жарияланады

Орал
Фото: instagram.com/abat_shynybekov

Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында күшті әсер ететін улы заттың табылуына байланысты жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланады. Аталған ақпарат ашық НҚА порталында пайда болды.

Құжат жобасы сайтта 10 маусым күні жарияланды, ал оны қоғамдық талқылау екі аптаға жалғасады.

Заңнаманың және 2021 жылғы 2 маусымдағы ТЖ алдын алу және жою жөніндегі комиссияның жоспардан тыс отырысының хаттамасы негізінде қала әкімі Орал қаласында "күшті әсер ететін улы заттың табылуына байланысты" жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы шешім қабылдауы тиіс.

"Төтенше жағдайдың салдарын жою басшысы болып Орал қаласы әкімінің орынбасары М.Мүлкәй тағайындалсын және осы шешімнен туындайтын тиісті іс-шараларды жүргізу тапсырылсын. Орал қаласы әкімі аппаратының басшысы осы шешімнің әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін. Осы шешімнің орындалуын қадағалау өзіме (қала әкімі А.Шыныбеков- ред ) қалдырамын. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі",- делінген құжатта.

Құжат ресми түрде жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917331-oral-qalasynda-uly-zat-tabyluyna-bailanysty-totense-zagdai-zariyalanady/