Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Баласына мамандық таңдайтындар көп": Белгілі журналист ҰБТ мен грант мәселесінің қыр-сырын ашты

Опубликовано:

Жадыра Тойбай
Жадыра Тойбай: жеке мұрағат

Бүгінде мектеп оқушылары үшін көп жағдайда мамандықты ата-анасы таңдайды. Он жылдан бері осы саланы зерттеп жүрген журналист Жадыра Тойбайдың айтуынша, мұндай қағида кеңес заманында тәрбиеленген ерлі-зайыптыларға тән. Көптеген ата-ана баласының заңгер, экономист, мұғалім және дәрігер болғанын қалайды немесе өзінің қолы жетпеген мамандығына баласын түсіріп, өз арманын осылай орындауға бекінеді. Алайда, маман бұл қадамның дұрыс еместігін, осының салдарынан түлектердің басым бөлігі гранттан айырылып, өз мүмкіндігін бағалай алмайтынын жеткізді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Жадырай Тойбай талай жылғы тәжірибесімен бөлісіп, мектеп түлектеріне көмектесу мақсатында «Proforientolog» жобасын қолға алған. Оқушыларға мамандық таңдауға көмектесіп, мемлекеттік грантқа тапсыру кезінде ескерілуі тиіс жайттардың қыр-сырын тегіс түсіндіретін ол қазіргі түлектер психологиясына тоқталды.

«Талай жыл бойы туыстарымыздың балаларына, алыс-жақын таныстарымызға мамандық таңдап, ЖОО-ға, оның ішінде, өзінің сүйікті мамандығына түсуге көмектесіп келемін. Осы аралықта біраз нәрсені байқадым. Мектеп оқушылары арасында «Мен өскенде мұғалім немесе дәрігер боламын» деп кесіп айтатындары аз. Яғни, көпшілігі қандай мамандыққа тапсыратынын 11-сыныпта ғана ойлана бастайды. Бұл кезде балаға ата-анасы көмекке келіп, қазіргі «модный» әрі «хит» мамандықтарға тықпалайды. 11 жыл бойы бір саланы таңдап үлгермеген оқушының осы кезде басы қататыны рас. ҰБТ-дан соң өзі қаламаса да, гранты көп салаларға бет бұра бастайды. Ал өзі қаламаған нәрсені төрт жыл оқыған студенттен мықты маман шығады деп айта алмаймын. Сондықтан, баланың іргетасын қалап, оның қабілетін бақылауды ата-ана жіберіп алмауы керек», - дейді Жадыра.

Ол өзінің ұлын мысалға келтіре отырып, оқушының әлсіз және мықты тұстарын анықтауда қателікке бой алдырмау керектігін ескертті.

«Ұлымның мінезі тұйық болған соң, көпшілік алдына шығып үйренсін, ашылсын деген мақсатпен домбыраға бердік. Кейін мұғалімдері пианино сыныбына ауыстырып жіберіпті. Ал уақыт өте келе ұлымның өнерден гөрі, математикаға жақын екенін байқадым. Дереу оны математиканы терең оқытатын мектепке ауыстыру туралы шешім қабылдадық. Яғни, баланың не нәрсеге бейім екеніне баса назар аудару керек. Егер балаңыз орыс тілінен нашар, тарихтан мықты болса, сіз міндетті түрде орыс тілінен қосымша сабақ алып оқытасыз. Бұл дұрыс емес. Керісінше, оның мықты жағын одан әрі дамыту қажет. Яғни, балаңыз тарихты ұнатса, бұл оның болашақ мамандығымен тікелей байланысты болуы мүмкін. Сол үшін осы саланы тереңдетуге мән беріңіз», - дейді ол.

Сондай-ақ, Жадыра Тойбай мамандық таңдау, ҰБТ тапсыру сынды түлектер үшін маңызды жайттардың қыр-сырымен бөлісті.

«Мемлекеттен қаншама грант бөлінеді, тек соны ұтымды пайдалану керек. Өйткені, әрбір білікті маман мемлекет үшін үлкен ресурс саналады. Мәселен, «педагогика» бойынша грант саны аз, ал «педагогика және психологиядан» грант көп. Осы жерде, педагог болуды көздеген бала екіншісін таңдаса ұтылмайды. Себебі, бұлар бір-біріне жақын мамандықтар. Грантқа өтінім бергенде осыны ұмытпаған дұрыс. Түлектер ҰБТ тапсырған соң, төрт түрлі университет пен төрт түрлі мамандыққа үміткер болады. Осы тұста да логикаға мән берген жөн. Мәселен, 2020 жылы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Дефектология» мамандығы бойынша ең төменгі өту балы 70 балды құраған. Ал ең жоғарғы өту балы Ақтөбе мемлекеттік университетінде 84, ҚазҰПУ- да 89, Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университетінде 90 балға жетті. Жоғары балл жинап тұрып, бармақ тістеп қалмау үшін таңдаған пәндер жұбына сәйкес келетін мамандықтарға өту балын сараптау қажет. Қазір біздің орталық осы жұмысты қолға алды. ҰБТ, университет пен колледж және грант мәселесіне байланысты барлық сұрақтарға жауап береміз. Мамандық таңдау дегеніміз тұнып тұрған стратегия. Бұған бей-жай қарауға болмайды», - дейді Жадыра.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917372-balasyna-mamandyq-tandaityndar-kop-belgili-zurnalist-ubt-men-grant-maselesinin-qyr-syryn-asty/

pixel