RU

Оралда өзенге құлаған екі баланы құтқарушылар аман алып қалды

Өзен
Көрнекі сурет: pixabay.com

Оралда өзенге құлап кеткен екі бала құтқарылды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сәйкес, оқиға 12 маусым күні кешкісін қалалық мәдениет және демалыс саябағында болған.

Сағат кешкі жетіден он минут кеткенде аспалы жаяу көпір астындағы өзен жағалауындағы плитаның үстінде ата-анасының қарауынсыз ойнап жүрген тоғыз және алты жасар екі бала абайсызда Шаған өзеніне құлап кеткен. Сол маңда жүрген жедел құтқару жасағының қызметкерлері (үш адам, бір техника) екі баланы судан алып шықты.

Сондай-ақ кеше сағат 17.21-де қалалық мәдениет және демалыс саябағында құтқарушылар істен шыққан катамаранды жағалауға сүйреп шығарды. 34 және 31 жастағы екі адам құтқарылды.

Еске салсақ, бұған дейін Түркістан облысында тау шатқалында адасып кеткендер құтқарылғанын жазған едік.

Жігіттердің адасып кеткені туралы хабарлама 6 маусым күні сағат 15.40-та келіп түскен.

Құтқарушылар тікұшақпен іздеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде сағат 17.25-те адасып кеткен жігіттер табылып, құтқарылған. Жарты сағаттан соң олар Шымкент қаласындағы әуежайға жеткізілді.

Адасқан жігіттердің үшеуі де бірге демалуға келген Сарыағаш ауданының тұрғындары екені анықталып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917428-oralda-ozenge-qulagan-eki-balany-qutqarusylar-aman-alyp-qaldy/