“5 метрге ұшырып жіберген”: Алматыда адам қаққан полицей бес жылға сотталуы мүмкін
Жарияланған күні:
Алматыда полицей қызметтік көлігімен 50 жастағы әйелді қағып кетті. Қатты соққы алған келіншек сол жерде тілге келместен көз жұмды. Марқұмның жақындары полиция қызметкерінің көлікті сау күйінде тізгіндегеніне күмәнданып отыр деп хабарлайды “Астана“ телеарнасы.
Қайғылы жағдай таңғы сағат 7-лер шамасында Алатау ауданындағы көлік жуу орталығының маңында болған. Өтемісұлы көшесінің бойымен келе жатқан полицей марқұм әйелді дәл сол жерде қағыпты. Куәгерлердің айтуынша, күдікті полицей алдымен темір қақпаны соғып, кейін әйелді қаққан.
Патрульдік көлік әйелді қағып өтіп, сол жерде тұрған “Газельге“ соғылған. Оқиғаны өз көзімен көргендер апаттың қас-қағым сәтте болғанын айтады. Ал марқұм көлік жуу орталығында жұмыс істеген. Ол тәулік бойы жұмыс істейтін орталықта түнгі ауысымда болып, жұмысты аяқтауына бірер сағат қалғанда оқыс жағдайға тап болған.
“Келіншек осы тәулік бойы істейтін көлік жуу орталығында бір айдан бері жұмыс істеді. Ол жуылған көліктердің ішін тазалаумен айналысатын. Бүгін де мына жерде тұрған шаңсорғыш аппаратымен жұмыс істеп тұрған. Полицей көлігі оны шаңсорғышымен қоса ұшырып кетті“, - дейді көлік жуу орталығының әкімшісі Юрий Приходько.
Келіншектің артында ересек 2 баласы қалды. Кішісі биыл мектеп бітіріп жатыр. Қара жамылған отбасы полиция көлігі жылдамдықты асыра пайдаланған деп отыр.
Жүзбен келе жатқан ғой, 5 метрге ұшырып жіберген. Өзіңіз ойлаңыз, тіл тартпай кеткен. Бастан дым жоқ. Қызметкерлер кез келген жағдайда өздерін қазір сау деп айтып отыр. Жазасын алады, алу керек”, - дейді марқұмның қайын апасы Сүңгілшаш Айтуғанова.
Тәртіп сақшылары әріптестірінің осы салада 6 жылдан бері қызмет етіп келе жатқанын, бұл оқиға оқыстан болғанын мәлімдеді.
“Өкінішке қарай, қызметте болған. Сау ол кісі. Сол қабырғамыз қайысып келіп, көңіл айтып отырмыз. Бұл отбасыға бар жағынан көмек көрсетіледі“, - деді Алматы қалалық патрульдік полиция полкі командирінің орынбасары Жәнібек Өскенбаев.
Қайғылы оқиғадан кейін күдікті азамат бірден қамауға алынған. Оған қатысты тергеу басталды, жауап алу кезінде ол кінәсін толық мойындаған.
Патрульдік көлікті тізгіндеген жүргізушінің кінәсі дәлелденсе, 5 жылға соттау жазасы қарастырылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917685-5-metrge-usyryp-zibergen-almatyda-adam-qaqsan-policei-bes-zylga-sottaluy-mumkin/