RU

Түркістанда келіншек ұлын 7 млн теңгеге сатпақ болған: Баланың туыстары табылмады

бала
Көрнекі фото: pixabay.com

Түркістан қаласының тұрғыны бір жасар баласын нотариус арқылы сатпақшы болған. Алайда заңгер құқық қорғау органдарына хабар берді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Туған анасы сатып жібермекші болған бір жасар ұлды балалар үйіне жіберуге шешім қабылданды. Себебі екі аптаның ішінде туыстары табылмады.

Кішкентай бала пневмониямен екі апта бойы ауруханада жатты. Осы уақыттың ішінде жақын туыстары табылмады. Оны қалалық білім беру бөлімінің мамандары алып кетті.

"Баланы балалар үйіне орналастыру үшін арнайы қаулыны шығару қажет. Бірақ құжат мәселесі сәл созылып кетті. Сол себепті баланы енді ғана алып кетуге келдік. Оның туыстары бар ма, жоқ па, әлі де белгісіз. Бізбен байланысқа ешкім шыққан жоқ. Осыған байланысты оны балалар үйіне орналастыруға шешім қабылдадық", - дейді қалалық адам әлеуетін дамыту бөлімінің бас мамаы Жансая Орынбасарова.

Дәрігерлердің айтуынша, бала пневмониядан толығымен жазылып шықты.

1 маусымда Түркістанда бір жасар баласын 7 миллион теңгеге сатпақшы болған әйел туралы ақпарат тарады. Сол кезде келісімнің мән-жайы да жарияланған.

Полицияның мәліметіне сәйкес, қала тұрғыны туған ұлын нотариус арқылы сатып жібермекші болған. Алайда заңгер құқық қорғау органдарына хабар берді. Оны келісімге қол қою кезінде құрықтады.

Қылмыстық кодекстің 135-бабы, 2-тармағы (Кәмелетке толмағандар саудасы) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Оған сәйкес, 9-12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Полицейлердің айтуынша, әйел баласына дұрыс қараған жоқ. Дәрігерлердің тексерісі кезінде пневмония анықталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917701-turkistanda-kelinsek-ulyn-7-mln-tengege-satpaq-bolgan-balanyn-tuystary-tabylmady/