"Неміс, жапон тілдерін меңгерген": 16 жастағы алматылық оқушы әлемдік ғылыми байқауда жеңіске жетті
Жарияланған күні:
16 жастағы Медет Жұмаділдаев бірнеше халықаралық ғылыми додаларға қатысып, еліміздің атын күллі әлемге шығарып жүрген дарынды оқушы. Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы шығыс тілін үйренуге де ден қойып жүр. Бүгінде ағылшын, неміс, жапон тілдерін меңгерген Медет KAZ.NUR.KZ тілшісіне болашақтағы армандары туралы айтып берді.
Медет Жұмаділдаев оңтүстік астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебіне 2017 жылы түскен. Мектепте математика, физика, информатика, ағылшын тілі пәндерін сүйіп оқитын ол, болашақта ғылым жолын қуып, программист болуды қалайтынын айтады.
"Мен 8-сыныптан бастап олимпиадаларға қатыса бастадым. Жалпы өзім үшін бұл маңызды қадам болды. Сөйтіп, 9-сыныпта алғаш рет күзде Болгарияда халықаралық олимпиадаға, қыста халықаралық О. Жәутіков атындағы олимпиадаға қатыстым. Ал 10-сыныпта математикадан ғылыми жоба жазып, республикалық жарыста және халықаралық Ө. Жолдасбеков атындағы зерттеулер конкурсында алтын медаль жеңіп алдым.
Содан кейін АҚШ-та өтетін Регенерон Халықаралық Ғылыми Инженер жарысының финалисі атандым. Бірақ мен үшін марапаттардың ішіндегі ең пайдалысы МФТИ-дың (Мәскеудегі физика техника институты-ред.) "Старт в Науку" конкурсының лауреаты атағы болды. Өйткені бұл атақ МФТИ-ға түсуге үлкен жеңілдіктер береді. Сонымен қатар, Нью-Йоркта күзде өтетін Сигма Кси конкурсына шақыру алдым", - дейді 16 жастағы дарынды оқушы.
Медеттің сөзінше, ғылыми жобасы әкесі, белгілі математик, ғалым Асқар Жұмаділдаевтың есебіне негізделген. Осылайша білімді жас математиканың сандар әлемі мен информатиканың бағдарламалар тілін ұштастыра білген.
"Менің әкем – Асқар Жұмаділдаев. Көкем айтып жүретін x!+1=y^2 дейтін есебі бар. Осы есепті зерттей келе бұл мәселенің мәнісі тереңде жатқанын байқадым. Бұл есепті шығара алмадым, бірақ бұл проблеманы үндінің атақты математигі Сриниваса Рамануджан талқылағанын білдім.
Рамануджан әлемге "шексіздікті білген адам" ретінде белгілі. Ол бала кезінен есеп-қисапқа құмар болған. Рамануджан кедей отбасынан шыққандықтан, оқуға мүмкіндігі болмаған. Қолына түскен кітаптардың барлығын оқыған. Сандар құпиясын зерттеп, атақты ағылшын математигі Хардимен жұмыс істеп, артынан көп еңбегін қалдырған.
Өкінішке орай, ол жастай қайтыс болды. Ол кісінің артынан қалған бір есебі мені қатты қызықтырды. Рамануджан секант сандарын 60-қа бөлгендегі қалдықтары әдемі заңға бағынатынын байқаған. Бірақ оның тангенс сандарын зерттемей тастап кеткені мені таң қалдырды. Соның себебін ұғуға тырыстым. Шамасы өмірден ерте өтуіне байланысты болса керек.
Мен осы заңды тангенс сандары бойынша зерттедім. Мен байқаған заңдылық Рамануджан заңдылығына ұқсас, бірақ бір айырмашылығы бар екен. Тангенс сандарының 60-қа емес, 720-ға тәуелді периоды бар. Менің жобам осы туралы болды. Мен осы қасиеттерді компьютерге салып тексеру барысында байқадым. Жазған компьютерлік бағдарламам мың шақты жол командалардан құралады. Заңдылық анықталғаннан кейін оның математикалық толық дәлелдеуін келтірдім", - дейді Медет.
Медет Жұмаділдаев болашақта әке жолын қуып, ғалым атанғысы келетінін де жасырмады.
"Жалпы мектептегі пәндердің әрқайсысы өзінше қызық. Мәселен мен тарих пен ондағы қызық деректерді де білгім келеді. Сол сияқты физика, биология пәндерін де тереңінен меңгергім келеді. Гуманитарлық бағытқа келер болсам, басқа да тілдерді үйреніп, арасындағы ұқсастықтарды табу ойымда бар.
Математика және программирование пәндерін әрі қарай зерттеп, ғылыми журналдарға мақалалар шығарғым келеді. Бір сөзбен айтсақ, түбінде заманауи мамандықты игеріп, халқыма пайдамды тигізсем деген арманым бар", - дейді Медет.
Медет сонымен бірге, бірнеше шет тілдерін меңгеруді мақсат етіп отыр. Ол әсіресе шығыс тілдерін үйренуге қызығушылығы барын атап өтті.
"Қазір үш-төрт тілде сөйлей аламын. Оның ішінде ағылшын тілін жетік меңгергенмін. Мектепте сондай-ақ, неміс тілін де үйрендім. Ал, жапон тілін өзім компьютер арқылы үйрене бастадым. Жапон тілі мен қазақ тілі арасында грамматикалық ұқсастықтар көп болғандықтан жапон тілін үйрену қиын болған жоқ. Кезімде әкем де тілдерге құштар болған.
Үйімізде жапон, парсы, неміс, қытай тіліндегі кітаптар бар. Маған жапон тілі ерекше қызық болып көрінді. Жапон тілі негізі қазақ тіліне өте қатты ұқсайды. Нақтырақ айтсақ, жапон тілінің грамматикасы, сөйлем мүшелерінің реті қазақ тіліне ұқсас екен. Мысалы, қазақша "үйге қайтамын" деген сөйлем жапонша "иени кайримасу" деп айтылады. Осындағы "ие" деген "үй", "ни" деген "ге" деген барыс септік жалғауы, "қайтамын" етістігі "кайримасу" деген етістік болады. Жапон тілінде негізі үш әліппе бар.
Олар хирагана, катакана, канджи. Хирагана жапонның кейбір сөздерінде, жалғауларында қолданады. Катакананы шетелдік сөздерді жазғанда қолданады. Ал, канджи – қытайлық иероглифтер. Канджиде хираганамен катаканаға қарағанда иероглифтер өте көп. Мысалы, жапондар әдетінде 2000-ға жуық канджи біледі", - дейді ол.
Тіл үйренуді ұнатамын деген дарынды бозбала қытай, корей тілдерін үйрену ойында барын айта кетті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917767-zapon-korei-qytai-tilderin-mengeremin-16-zastagy-qazaq-oqusysy-alemdik-gylymi-baiqauda-zeniske-zetti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.