RU

Петропавлда көшеден екі жасар бала табылды: Полиция бүлдіршіннің ата-анасын іздеп жатыр

Полиция қызметкері мен табылған бала
Фото: polisia.kz

14 маусым күні кешкі сағат 20:00 шамасында Петропавлдағы Жұмысшы кентінен жасы шамамен екі жасар бала табылған. Осы орайда полиция мен еріктілер қала тұрғындарынан сәбидің туыстарын табуға көмектесуді сұрайды деп хабарлайды Polisia.kz.

Жекеменшік сектордың көшелерімен кетіп бара жатқан жалғыз баланы жергілікті тұрғын байқап қалған.

Ол құқық қорғау органдарына жүгініп, баланы патрульдік полиция батальонының қызметкерлеріне тапсырған.

Тәртіп сақшылары бүлдіршінді тамақтандырып, киімін ауыстырған. Қазір ол балалар ауруханасында, ал полиция қызметкерлері оның туыстарын іздеп жатыр.

"Баланың туыстары жайлы қандай да бір мәлімет білетін адам болса, бізге 39-48-65 телефонына немесе 102 нөміріне хабарласуды сұраймыз. Еске салған жөн, кәмелет жасына толмаған балаларыңыздың тәрбиесі, білімі, құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Балаларын қараусыз қалдырып, жауапсыз қарым-қатынас танытқан ата-аналар ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін екенін де ескертеміз", – дейді Петропавл қалалық ПБ ювеналдық полиция бөлімінің бастығы Эльмира Абушева.

Еске салсақ, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында жоғалып кеткен 16 жастағы қыз табылған еді.

Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері интернет-ресурстарына мониторинг жүргізу барысында кәмелет жасқа толмаған қыздың жоғалып кеткендігі жайлы ақпаратты байқаған.

Жоғалған қыздың ата-анасы полицияға хабарласпай, әлеуметтік желі арқылы іздеу салған екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917792-petropavlda-koseden-eki-zasar-bala-tabyldy-policiya-onyn-ata-anasyn-izdep-zatyr/