RU

Енді пойыз жолаушылары теміржол вокзалына Ashyq жүйесі арқылы кіргізіледі

Пойыз
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Еліміздегі теміржол вокзалдары енді Ashyq жобасы бойынша жұмыс істейді деп хабарлайды "ҚТЖ" ҰК" АҚ баспасөз қызметі.

Компанияның мәліметінше, ең алғаш болып 17 маусымда елордадағы "Нұрлы жол" вокзалы Ashyq жүйесіне қосылады.

21 маусымынан бастап Алматы-1, Алматы-2, Қарағанды және Өскемен вокзалдары осы жүйе арқылы жұмыс істей бастайды.

Ал, 1 шілдеден бастап Ashyq жобасын Ақтөбе, Атырау, Бейнеу, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Орал, Павлодар, Семей, Тараз, Түркістан, Шымкент және Шу теміржол вокзалдарында енгізу жоспарланып отыр.

"QR-кодты сканерлейтін Ashyq жүйесі Нұрлы жол вокзал кешенінің барлық кіреберісінде жұмыс істейтін болады. Жолаушы кірген кезде QR-кодты Ashyq мобильді қосымшасы арқылы немесе Kaspi.kz, Homebank, Aity қосымшалар арқылы сканерлеу қажет. Жолаушыда қосымша немесе смартфон болмаған жағдайда кіреберісте вокзал кешені қызметкеріне ЖСН көрсету қажет.

Шетелдіктердің статусы паспорттың нөмірі бойынша сол жерде тексеріледі. 18 жасқа дейінгі балалар тексеруден өтпейді. "Қызыл" және "сары" статусы бар адамдар вокзал кешеніне кіргізілмейді", - дейді "ҚТЖ" ҰК" АҚ баспасөз қызметі.

Компания бұл шара короновирустық инфекцияның таралу қаупін азайтып, індет жұқтыруға әкелетін байланыстар санын азайтуды көздейтінін атап өтті. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917824-endi-poiyz-zolausylary-temirzol-vokzalyna-ashyq-zuiesi-arqyly-kirgiziledi/