RU

Нұр-Сұлтанда пышақ ұстаған ер адам дүкен сатушысын кепілге алған (видео)

Сатушы
Видеодан кадр: Нұр-Сұлтан қаласы ПД

Елордада 31 жастағы ер адам дүкенге шабуыл жасады. Қарақшымен жалғыз қалған бойжеткен дабыл түймесін басып үлгерген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, оқиға 15 маусым күні, сағат 07:08 шамасында болған. 102 нөміріне Гоголь көшесінде орналасқан дүкенге қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы ақпарат түскен.

Белгілі болғандай дүкенге баса-көктеп кірген ер адам 28 жастағы сатушыны пышақпен қорқытып, оны көшеге шығарып жіберген. Осы кезде ғимарат ішінде сатушының әріптесі қалған.

Ер адам қызды пышақпен қорқытып, дүкеннің кілтін беруін талап еткен. Осылайша ол дүкенді ішінен жауып алған. Дегенмен, қарақшымен бетпе-бет келген 26 жастағы сатушы дабыл түймесін басып үлгерген.

Оқиға орнына тез арада полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем жіберілген.

Полицияның мәліметінше, дүкен жеке тұрған екі қабатты ғимараттың бірінші қабатында орналасқан. Жағдайдың қиын екенін түсінген полицейлер ер адаммен есік арқылы келіссөз жүргізе бастаған.

Полиция ол өзін агрессивті ұстағаны және мас күйде болғаны атап өтті. Тіпті, күдікті сатушыға және өзіне пышақ жарақатын саламын деп те қорқытқан.

Дегенмен жедел әрекет етудің арқасында полиция қызметкерлері оны ұстаған. Яғни ер адамның назары келіссөзге ауған сәтте тәртіп сақшылары қосымша есіктен кірген. Осы кезде зардап шегуші күдіктіден алыстап, полицейлер қарақшыны қолға түсірген.

"Ер адам өзінің кеуде қуысына пышақпен жарақат салып үлгерді. Оған медициналық көмек көрсетілді. 31 жастағы ер адам ауруханаға жеткізілді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды", - дейді полицияның баспасөз қызметі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917912-nur-sultanda-pysaq-ustagan-er-adam-duken-satusysyn-kepilge-algan-video/