RU

Жамбыл облысындағы QazVac вакцинасын шығаратын зауыт қашан іске қосылады

Қазвак
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Күзге қарай Жамбыл облысындағы QazVac вакцинасын шығаратын зауыт іске қосылады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ОКҚ өткен брифинг кезінде айтты деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Шынымен де қазақстандық вакцина елімізде де, шетелде де үлкен сұранысқа ие болып отыр. Әрине, QazVac вакцинасының танымалдығын арттыру және оны өзге елдерге жеткізу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Процедура ұзаққа созылады. Елдердің вакцинаны өзара мойындауы, жеткізілетін елде тіркелуі қажет. Бұл жұмыстарды біртіндеп бастаймыз. Қазір бұл вакцинаны алуға ниет танытқан серіктестерді іздестіріп жатырмыз. Барлық реттеуші құралдар іске қосылған", - деді министр.

Оның сөзінше, Жамбыл облысындағы QazVac вакцинасын шығаратын зауыттың құрылысы аяқталуға жақын. Зауыт іске қосылғаннан кейін ішкі және сыртқы нарықты қажетті вакцинамен қамтамасыз етуге қауқарлы болады.

"Зауытты іске қосу және жөндеу жұмыстары аяқталды. Құрал-жабдықтарды тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жамбыл облысы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, регламентке байланысты процедуралар жүргізілу үстінде. Күзге қарай бұл зауыт іске қосылып, өндірістік қуатын біртіндеп арттыруы тиіс", - деді Алексей Цой.

Еске сала кетейік, бұған дейін журналистер министрден күзге дейін Қазақстанда 10 млн адамға вакцина салынбаса, жауапкершілік кімнің мойнына жүктелетінін сұрап, мұндай жағдайда Алексей Цой отставкаға кете ме деген сауал қойған еді.

"Кез келген үкімет мүшесінің кез келген мәселесі мемлекет басшысына байланысты. Жұмыс қалай бағаланса, шешім де солай қабылданады", - дейді министр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917979-zambyl-oblysyndagy-qazvac-vakcinasyn-sygaratyn-zauyt-qasan-iske-qosylady/