RU

"Үлкен қызы - энурез": 10 жыл бойы шенді күйеуінен таяқ жеп келген әйел көрген қорлығын айтты

зорлық-зомбылық
Фото: Pixabay.com

10 жыл бойы шенді күйеуінен таяқ жеп, зорлық көріп келген үш балалы әйел Arasha орталығын паналауда. Орталық директоры Маргарита Ускембаеваның сөзінше, агрессор ер адам үш баласымен үйінен қашып кеткен әйелін Алматыда жасырынған пәтерінен тауып алып та қысым көрсеткен. Ұзақ жылдар күйеуінің көрсеткен қорлығына шыдамаған әйел сол кезде Nur Otan-нан көмек сұраған деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Arasha" директорының айтуынша, орталықты паналаған У. есімді әйелдің күйеуі шенді қызметкер, жақында қызмет атқарған жылдары бойынша зейнетке шығуы тиіс. Маргарита Ускембаева Facebook-тегі парақшасында әйелдің жантүршігерлік оқиғасын баяндады. Ол белгілі себеппен әйелдің аты-жөнін жасырын ұстап отыр.

"Күйеуі ұзақ уақыт зорлық-зомбылық жасаған - 10 жыл. У. есімді келіншек өзінің және балаларының құқығы үшін күресуге деген тілек-ниеті жоқ, біздің орталыққа үш баласымен тек тыныштықты аңсап келіпті. Ал агрессор зейнетке шықса, бұлардың мазасын қайта ала ма деп алаңдаймын. "Енді зейнеттемін, маған бәріне рұқсат", деп келуі мүмкін. У.-дың сөзінше күйеуі оны, тіпті балаларын 10 жыл бойы ұрып келген. Үлкен қызы энурезге шалдыққан. Әкесін көрсе қашып, тығылып қалады екен. Бала-шағасының азығына ақша бермей, толыққанды тамақтан айырған", - дейді Маргарита Ускембаева.

У. есімді әйелдің көргені мұнымен аяқталмайды. Орталық директорының сөзінше, майор балаларын автокөлікке салып алып қашқан, ал әйелі соңынан жүгірген кездері болған. У. үйінен қашу үшін екі жыл дайындалып, балаларының жәрдемақысын жинақтай берген.

"У. есімді әйел Алматыға қашып келіп, жеке өмір сүруге жоспар құрған, алайда бәрі ойлағанындай болмай шықты. Күйеуі оларды жасырынған жерінен тауып алып, пәтердің терезесінен кірген. Содан соң әйелдің Nur Otan-ға шағымданудан басқа амалы қалмапты", - дейді Маргарита Ускембаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917982-ulken-qyzy-enurez-10-zyl-boiy-sendi-kuieuinen-tayaq-zep-kelgen-aiel-korgen-qorlygyn-aitty/