RU

"Ешқандай химиялық зат аққан жоқ": Жаңаөзендегі зауыт директоры мәлімдеме жасады

Өрт сөндіруші
Көрнекі фото: NUR.KZ

Өткен түні Жаңаөзендегі "Қазақ газ өңдеу зауыты" ЖШС өндірістік аймағының аумағында өрт болды. ЖШС дирекоры Нақберген Төлепов болған жайтқа қатысты пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі "ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясы" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұған дейін хабарланғандай, өрт түн ортасына таман болған. Өрт сөндірушілер қызыл жалынды бір сағатта өшірген. Алдын ала болжам бойынша өрт 980 шаршы метр аумақты шарпыған.

"ҚазГӨЗ" ЖШС директоры Нақберген Төлеповтың хабарлауынша, ауа салқындатқыш аппараты жанып кеткен. Кәсіпорын тез арада газ қабылдауды тоқтатып, апаттық режим кезінде зауыт жұмысы толығымен тоқтатылған.

Төтенше жағдайдан зардап шеккендер жоқ.

Төлеповтың сөзінше, 23:30-да мамандар кәсіпорынды шектелген режимде іске қосқан. Қазір зауыттың жүктемесі шамамен 30 пайызды құрайды. Зауытты толық іске қосу үшін жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Өрттің салдарынан ауаны салқындату аппаратының тірек құрылымы ғана зақымданғаны, негізгі жабдықтарға зиян келмегені атап өтіледі.

Төлепов әлеуметтік желідегі оқиға кезінде химиялық заттың ағуы туралы қауесетті жоққа шығарды.

"Алаңдауға негіз жоқ. Бұл жабдық шикі газды ауа-су әдісімен, яғни қарапайым су мен ауа арқылы салқындату үшін қолданылады. Бұл құрылғыда қандай да бір химиялық заттар қолданылмайды. Сол себепті мен қызметкерлердің де, тұрғындардың да өміріне ешқандай қауіп жоқ екенін сенімді түрде айта аламын", - дейді "ҚазГӨЗ" директоры.

Сондай-ақ ол жақын уақытта зауыт жұмысы толық қалпына келтірілетінін айта кетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918072-esqandai-ximiyalyq-zat-aqqan-zoq-zanaozendegi-zauyt-direktory-malimdeme-zasady/